Жапония мен ҚазҰУ туралы Қазақстан өңірлерінде

21 желтоқсан, 2016

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс елдері кафедрасының жапон бөлімінің оқытушылары Халықаралық жапон қорының қолдауымен Павлодар және Шымкент қалаларының мектептерінде кәсіби бағыт – бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Павлодар қаласының «Дарынды балаларға арналған №3 мектеп-гимназиясы», «Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-лицейі», «Павлодар қаласындағы арнайы мамандандырылған «Жас дарын» мектебінде Халықаралық Жапон қорының өкілі, Хоккайдо Университетінің PhD докторы Ониши Юми мен Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Рыспекова Назира арнайы жұмыс жүргізді.

 Шымкент қаласының Дулати атындағы №8 гимназия, Жамбыл атындағы №26 лингвистикалық гимназия, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында Жапониядағы Цукуба Университетінің PhD докторы, профессор Ниномия Такаши, жапон тілінің аға оқытушысы Самал Боранкулова жапон мәдениеті, ұлттық тағамдары, жапон тілі жайлы жалпылама шолу жасады. Оқушылардың жапон мәдениетіне қызығушылығын туғызу үшін, жапон мәдениетінің аса танымал өнері оригамиды таныстыра отырып, күншығыс елінің атақты тырнасын оқушылармен бірге жасады. Жапон тілінің оқытушылары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің жапон бөлімінде дайындалатын мамандықтардың қыр-сыры, білім берудегі академиялық ұтқырлық, Жапонияда білім алу, білім және мәдениет, спорт, ғылым Министрлігінің (MEXT) жапон тілі мен мәдениетін тереңдетіп оқуға құштар үздік студенттерге арналған шәкіртақысы жайында кеңінен мағлұмат берді. Цукуба, Сайтама, Васеда, Хоккайдо, Токио шет тілдер университеті сияқты Жапония университеттері және ғылыми орталықтарымен орныққан байланыс та тілге тиек етілді. Магистранттарға шетелдік ғалымдардың білім беретіндігі айтылды. Қазақстандағы жапон тілі мамандарының жеткен жетістіктерін санамалап көрсетті. Әр оқушының таңдауына құрметпен қарайтындығын айта келіп, іргелі білім ордасының тиімді жақтарын атап, оқушылар мен мұғалімдер сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, жапонтану бөлімінің студенттік өмірі жайлы бейнероликтер көрсетіліп, буклеттер таратылды.