«Қазақ радиосы» - дәстүр мен жаңашылдықтың медиамоделі»

23 желтоқсан, 2016

     «Қазақ радиосы» - дәстүр мен жаңашылдықтың медиамоделі»

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да "Қазақ радиосының" 95 жылдығы, "Шалқар" радиосының 50 жылдығы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің студенттік «Сана» - «әл-Фараби» радиосының 20 жылдығына арналған «Қазақ радиосы» - дәстүр мен жаңашылдықтың медиамоделі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференция жұмысына «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы К. Ойшыбаев, «Қазақ радиосының» бас редакторы Махат Садық, «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының ардагерлері, бұқаралық коммуникация саласын зерттеуші ғалымдар, қазақстандық электронды БАҚ өкілдері, журналистика факультетінің студенттері мен магистранттары, докторанттары қатысты.

Конференция жұмысын ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашып 95 жыл толып отырған Қазақ радиосының және шаңырақ көтергеніне 50 жыл болған «Шалқар» радиосының  мерейлі мерекесімен университет атынан құттықтап, ұжымдағы әр бір ақпарат майдангеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі. 

Қазірде «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы - форматы жағынан халық сұранысына ие болған тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы ең беделді радиоарналар. Олар кешегі заманда жақын шетелдерге ғана хабар жіберіп келсе, қазіргі заманауи озық технологиялардың арқасында ғаламның кез келген нүктесіне интернет желілері арқылы қазақ үнін таратып отыр.

 «Республикалық радио» жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамындағы радиоларда негізінен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері еңбек етеді. Солардың қолдауымен  студенттер мен магистранттар теориялық танымын тәжірибемен ұштастырып, кәсіби машығын арттырады. Бұл тұрғыда «Қазақстан» РТРК Акционерлік Қоғамымен, оның ішінде «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосымен де университет арасында тығыз  байланыс  орнаған.

 «Болашақта да Отанымызға қажетті кәсіби құзыретті мамандар даярлауда бірлесе қызмет ете беретінімізге сенемін. Өйткені, бүгінде радиожурналистикаға еңбегін сіңіріп жүрген көптеген түлектер біздің университет жанынан осыдан 20 жыл бұрын ашылған «Сана» кейін «Әл-Фараби» есімін иеленген студенттер радиосының ұстаханасында шыңдалғандар болатын. Бұл дәстүр жалғаса беретіні сөзсіз. Олай дейтінім –«Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосында еңбек етіп жүрген, өз кәсібінің шеберлері, білікті мамандар қазір факультетке апта сайын келіп, студенттерге шеберлік сағаттарын өткізуді өздерінің үйреншікті ісіне айналдырған. Осындай бірлесе атқарған білім беру ісінің нәтижесінде болашақта  Сіздер секілді радионың майталмандары шығатынына зор үмітпен қараймын»,-деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Бүгінде «Қазақ радиосы» 3000 мың елді мекенге тоғыз тілде хабар таратып, күніне эфирден 34 рет жаңалық береді. Келер жылы «Қазақ радиосын» смартфондар арқылы тыңдау мүмкіндіктері енгізілетіндігі де конференцияда айтылды.

Айтулы шара аясында журналистика факультетінде ең үздік студенттік радио бағдарлама бойынша байқау жарияланып, жеті студент жеңімпазына РТРК «Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев арнайы сертификат табыстады.

 «Қазақ радиосының» 95 жылдығы, «Шалқар» радиосының 50 жылдығы орай РТРК «Қазақстан» басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев және бір топ радио ардагерлері журналистика саласына және университетке сіңірген еңбектері үшін  ҚазҰУ –дың арнайы медалімен марапатталды. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеті мен РТРК «Қазақстан» АҚ арасында ынтымақтастық жөнінде келісім- шарты жасалып, оған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен РТРК «Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев қол қойды.

Корпоративті БАҚ  және қоғаммен байланыс басқармасы