Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қатысуымен Бақылау кеңесінің отырысы болып өтті.
Отырыс барысында, күн тәртібіне сәйкес, 2017-2021 жылдарға арналған университеттің даму жоспары қарастырылды. Баяндаманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов оқыды.
Жоспарға сай, университеттің стратегиялық даму бағыттары – ғылыми-инновациялық қызмет нәтижесін коммерциялау, университет дамуы үшін инвестиция тарту, білім беру қызметі нарығында оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне етене ену және тағы басқа болуы тиіс.
Бақылау кеңесі мүшелері бірауыздан бекіткен 2017-2021 жылдарға арналған университеттің даму жоспары білім және ғылым саласындағы мемлекет саясатын сәтті жүзеге асыруға, ҚазҰУ-дың көшбасшылық позициясын нығайта түсуге, оның халықаралық рейтингте қарқынды көтерілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп болжануда.
Сондай-ақ, отырыс аясында Бақылау кеңесінің мүшелері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың инвестициялық жобаларының жүзеге асу барысы және ЖОО-ның қаржылық тұрақтылық, табыстылық және инвестициялық тартымдылығы мәселелерін талқылады.
Бақылау кеңесі жұмысына кеңес мүшелері, ҚР БжҒМ өкілдері, «Казақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Димаш Бижанов, «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры» қоғамдық қоры директорының бірінші орынбасары Светлана Мырзабекова, ҚР БжҒМ ҒК «Информатика және басқару проблемалары институты» РМК директоры Мақсат Қалимолдаев, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, академик Еренғайып Шайхутдинов және басқалары қатысты. Сонымен қатар, отырыста ҚазҰУ факультеттерінің декандары да болды.