Діни экстремизмнен сақтандыру – баршаға ортақ жауапкершілік

28 желтоқсан, 2016

Діни экстремизмнен сақтандыру – баршаға ортақ жауапкершілік   

Бүгінгі күні елімізде 2013-2017 жылдарға арналған экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Ол жұмыстарға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қалалық, облыстық басқармаларымен қатар республикамыздағы іргелі оқу орындары да айтарлықтай үлес қосуда.Сондай оқу орындарының бірі әрі бірегейі  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті екені сөзсіз. Атап айтқанда, айтулы оқу орнының философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасы осы бағытта бірқатар маңызды істерге ұйытқы болып келеді. Университеттегі Діни зерттеулер және экспертиза орталығы да студент жастар арасында белсенді жұмыстар жүргізуде. Кафедраның педагог-профессорлық құрамы Алматы қаласы әкімшілігінің тапсырмасымен өткен жылдың 9-27 желтоқсан аралығында бірқатар маңызды мекемелерде мемлекет және дін, дін және қоғам, жастар және дін, зайырлылық, діни экстремизм мен терроризм, жихадшылдық пен тәкпіршілдік секілді ауқымды тақырыптарда семинар, дәрістер оқып, тренингтер өткізді. Лекция барысында аудитория тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, әсіресе, хиджаб, мектеп оқушыларының жұма намазына бару мәселелері жайлы Білім және Ғылым министрлігінің арнайы қаулысымен хабардар етті. Осындай кең ауқымда ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде қатысушылар елдегі діни жағдай, ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң, Сирия дағдарысының Қазақстанға әсер-ықпалы, елдегі тыйым салынған деструктивті діни топтар, діни экстремизмнің белгілері, миссионерлік іс-әрекеттердің жалпы күйі туралы кең мағлұматқа қол жеткізді. Жалпы алғанда, бүгінгі күні қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығы азаматтардың діни сауаттылығымен байланысты болып отыр. Осы себепті алдағы уақытта да бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары өз қарқынын бәсеңдетпеуі тиіс деген ойдамыз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 дінтану және мәдениеттану кафедрасының

 оқытушысы,PhD

Құдайберді  Бағашаров