Ғибраты мол ақсақалдар кеңесі

29 желтоқсан, 2016

Қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша жаңа жыл қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақсақалдар кеңесі ғылым, мәдениет пен рухани әлеуеттің дамуына зор үлес қосқан, университеттің шетелдегі зияткерлік және білім берудегі имиджін көтеруге ерен еңбек сіңірген тәжірибелі де беделді ғалымдардың басын біріктіріп отыр.

Кездесуді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов құттықтау сөзбен ашты. Қоғамдық кеңес беру органы болып табылатын ақсақалдар алдында ректор университет жаңалықтары, басты жетістіктері мен жарқын оқиғалар жайлы айтып, өткен жылды қорытындылады.

Ақсақалдар назарына Университет пен кампустың даму стратегиясының III кезеңі ұсынылды. Бұл кезең инновациялық және медико-биологиялық кластерлерді, жасыл технологиялар орталығын, «Технолофт» – «жоба идеясынан оны жүзеге асыруға дейінгі» толық технологиялық жүйені іске асыру алаңын құруға бағытталған. 

Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі ғылыми-зерттеу қызметі мен білім беру үдерісінің жетілдірілу жолдарымен, университеттік кампус инфрақұрылымын дамыту бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысымен және жаңа нысандар құрылысы жоспарымен танысты. Осылайша, соңғы бес жылда ғимараттар мен құрылыстың жалпы алаңы 36 пайызға артқаны атап өтілді. 2015-2016 жылдары 80 мың шаршы метрді құрайтын жаратылыстану факультеттерінің жаңа оқу ғимараттары, Жас ғалымдар үйі, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді.

Ғылымға еңбегі сіңген қайраткерлер, ҚР ҰҒА академиктері Сұлтан Сартаев, Арықбай Ағыбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зұлхайыр Мансұров, тарих ғылымдарының докторы Уахит Шәлекенов, ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Арещенко  және тағы басқа көптеген Ақсақалдар кеңесінің профессорлары жағымды өзгерістерді тілге тиек етті, университеттің даму стратегиясын қолдап, батасын берді. Ақсақалдар, әсіресе, QS рейтингінде ҚазҰУ-дың әлемнің үздік 250-топ университеті қатарына енуін жоғары бағалап, университеттің Орталық Азия мен ТМД-дағы көшбасшылық орнын атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мойындалған халықаралық беделге ие, әлемнің мыңдаған университеттері рейтингіндегі оның жоғары көрсеткіші еліміз үшін үлкен жетістік болып саналады. Бұл – Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына ену мақсатын жүзеге асыруға және «Мәңгілік Ел» құруға қосқан университеттің нақты үлесі», – деді академик Сұлтан Сартаев.

Кездесуде ардагерлер университет дамуының жасампаз бағытына барынша қолдау көрсетіп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ ұжымды келе жатқан 2017 жылмен құттықтап, қызметте табыс пен жаңа жоғары жетістіктер тіледі.