Армысың, әз Наурыз!
Қазақ халқының жыл басы деп саналған Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз ҚазҰУ қалашығында биылғы жылы ерекше сипатта тойланды. Олай дейтініміздің себебі, қалашықта орналасқан 12 жатақхананың студенттері әрқайқайсысы өз басына бір ауыл болып, киіз үй тігіп, дастархан жайып, қонақтарды қарсы алудан шаршамады. Қазақ халқы бағзыда Наурыз мейрамында жауған қарды «Наушақар» деп атап, «Алланың нұры» деп есептеген. Биылғы Наурызды ҚазҰУ студенттері осы «Наушақармен» қарсы алды. Мерекелік көңіл күйдің жоғары болғаны соншалықты, ауа-райының бұл сипаты думан үстіне думан қоспаса, еш кедергі болған жоқ. Ауыл-ауылға бөлінген студенттер бір-біріне қонаққа барып, өнер көрсетіп, қазақ халқының ұлттық салт-жоралғыларымен бөліссе, факультет оқытушылары мен студенттерінің арасында арқан тартыс, қол күрес сияқты түрлі спорттық ойындары да ойналды.
Мәселен, филология факультетінің Қожанасыр ауылының тұрғындары химия мен халықаралық қатынастар факультеттерінен құрылған Фараби ауылына келіп, келіннің бетін ашып, беташардан үзінді көрсетті.
Сондай-ақ, бұл ауылдарға ректорат қызметкерлері, проректорлар, департамент директорлары да ат басын бұрды. Олар студенттермен бір дастарханда отырып, мейрам дәмінен ауыз тиіп, барша халыққа деген жаңа жылдық жылы лебіздері мен тілектерін білдірді. Факультет кафедарларының оқытушылары мен студенттері біріге ұйымдастырған бұл мерекелік іс-шара қалашықтың көктемдік келбетіне жаңа серпіліс бергендей болды. Лайым, осындай мерекелер ұласа берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Қартаева Сандуғаш
Халықаралық қатынастар факультетінің 4 курс студенті