Қысқы психологиялық мектеп - айрықша рөлге ие

11 қаңтар, 2017

ҚазҰУ-да «Психологиялық шеберліктер: денсаулық сақтау, білім беру, өндіріс» атты II-ші Республикалық қысқы психологиялық мектеп өз жұмысын аяқтады.

Мектептің жұмысына білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінен, жеке кәсіпорындардан жүзден аса психолог мамандар (ЖОО, мектеп, колледж, балалар бақшасы, орталықтар), сонымен қатар, Қазақстанның әр түрлі аймақтарынан, яғни Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Тараз., Алматы, Жетісай, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облысынан студенттер, магистранттар және докторанттар мен оқытушылар қатысты. ҚазҰУ-дың жалпы және қолданбалы психология кафедрасы ұйымдастырып отырған Қазақстандағы қысқы психологиялық мектеп университеттің «визит картасына» айналды.

«Айналаңды нұрландыр» жобасы аясындағы қысқы психологиялық мектептің мақсаты кәсіби қызметтің әртүрлі салаларындағы психологиялық құзыреттілікті дамыту және арттыруға бағытталды. Қысқы мектепте діни экстремизм, психологияның жай-күйі, келелі мәселелері жайында кеңінен талқыланып, аталмыш тақырыптарда шолу дәрістері жүргізілді.

Айта кету керек, республикалық мектептің сарапшылары және дәріскерлері рөлінде ҚазҰУ-дың қолданбалы және жалпы психология кафедрасының оқытушылары болды. Психологиялық мектептің жұмысына ЖОО проректорлары, факультет декандары, балабақша меңгерушілері, жеке компания директорлары да белсене ат салысты. Қысқы психологиялық мектепке қонақ ретінде Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Наталья Логинова келген болатын. Ол шара барысында психологиялық қауымдастықтың 2017 жылға жоспарланған маңызды ақпараттарымен бөлісті, сондай-ақ, қысқы мектеп қатысушыларына оптимизм, шығармашылық табыс, оқуда және жұмыста сәттілік тіледі.

ҚР психологтарының кәсіби іс-шарасының жоғары деңгейде өтуіне философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Алия Масалимова, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының докторы, профессор Забира Мадалиева өз қолдауларын көрсетті. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының оқытушылары Аида Файзуллина мен Майра Кабакова іс-шараның ұйымдастырушы-модераторы болып, басшылық жасады. Қысқы мектеп  еріктілері ретінде «Психология» мамандығының 2 курс студенттері Сурия Илимахунова және Инель Иманқұлова қатысты.

Екінші қысқы психологиялық мектептің жабылу салтанатында тыңдаушыларға  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білімді арттыру және қосымша білім беру институты мен Философия және саясаттану факультетінің Психологиялық инновация және технология орталығының сертификаты табысталды.

Мектеп қатысушылары Қысқы мектепті өткізу дәстүрін жалғастыру туралы ұсыныс тілектерін ұйымдастырушыларға жеткізіп, 2017 жылдың маусымында жоспарланып отырған Жазғы психологиялық мектепке қатысуға дайын екендіктеріін айтты.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы