Тегеран университетінің профессоры, көне парсы тілдерінің белді маманы, доктор Махмуд Жафари ирантану саласы бойынша Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары мен студенттеріне дәріс оқыды.
Семинар барысында профессор көне парсы тілдерінің тарихынан бастап, орта және бүгінгі парсы тілінің диалектілері мен олардың өзара ерекшеліктеріне тоқталды, сондай-ақ, зерттелу тарихын таныстыра кетті. Көне сақ, соғды, хорезм тілдері мен осы тілдерде жазылған жазба ескерткіштер туралы дәріс көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әсіресе, Әбілқасым Фирдаусидың парсы (дари) тілінде жазылған Шахнама дастаны, соғды тілінде жазылған «Рүстем Дастан» поэмасының сақталғандығы туралы мәлімет семинарға қатысушыларды бей-жай қалдырмады. Дәріскер мен қатысушылар тақырып төңірегінде пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Махмуд мырза қазақ ирантанушы ғалымдарымен бірге бірлесіп ғылыми мақалалар, монографиялар жазуға, ирантану саласының түрлі қырларын ашуға бағытталған жазғы мектептер, конференциялар мен семинарлар өткізуге келісті. Сондай-ақ, болашақта студенттердің қажеттіліктерін қамтамасыз ететін оқулықтар мен қосымшалар шығаруды мақсат етіп отыр.
Профессор ҚазҰУ студенттерінің білімін өте жоғары бағалап ғана қоймай, отандық ирантанушылардың өз саласына деген ынта- ықылас танытып, елеулі еңбек атқарып келе жатқанын ерекше бағалады. Жафари шынайы ризашылығын білдіріп, бірге қызмет атқаруға дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, шара соңында дәрістің барлық қатысушылары мадақталып, сертификат табысталды.
Таяу Шығыс және
Оңтүстік Азия кафедрасы