Бәсекеде бәйге алғандар белгілі болды

16 қаңтар, 2017

45-ші «Денсаулық» спорт сайысының нәтижесі белгілі болды.

ҚазҰУ қызметкерлері мен оқытушылары, университет бөлімшелері мен факультет докторанттары арасында өткен 45-ші «Денсаулық» спорт сайысының нәтижесі белгілі болды. Бәсекеде жалпы командалар есебімен Жедел әрекет ету және қорғаныс орталығының тобы бәйге алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жаппай спорт түрлерін дамыту бойынша елеулі жұмыстар атқарылып жатыр. Оқу ордасында «Денсаулық» спорт сайысының ұйымдастырылып отыруы игі дәстүрге айналып үлгерді. Осы жылғы спорт жарысы 8 спорт түрі бойынша: кіші футбол, шахмат, ерлер мен әйелдер арасындғы волейбол, үстел теннисі, бадминтон, дартс, тоғызқұмалақтан өтті.

Бүгінде ҚазҰУ-дың спорттық инфрақұрылымы дамыған, соның арқасында қызметкерлер үнемі спортпен айналысып, дене пішінін сақтайды. Дұрыс өмір салтын насихаттауға бағытталған сайысқа 904 адамнан тұратын, факультеттер мен бөлімшелерден 20 құрама команда қатысты. 

Жыл сайынғы спорттық сайыстың мақсаты ҚазҰУ қызметкерлерінің дене шыдамдылығын қалыптастыру, дене шынықтыру және спорт мәдениетін дамыту болып табылады. Бұл университеттің корпоративті мәдениетінің нығаюына және жақсаруына, қатысушылар бойында мақсатқа жету, табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға, жеңіліске жол бермей, жеңіске талпынуына әсер етеді.

Айта кету қажет, спорттық сында жалпы командалық есеппен екінші орынды меканика-математика факультетінің ұжымы жеңіп алды. Құрметті үшінші орын төріне филология және әлем тілдері факультеті жайғасты.

Спартакиада оқу орнының оқытушылары, қызметкерлері мен докторанттары арасында үлкен қызығушылық тудырғаны рас, жарыс олардың рух-жігерін күшейтіп, сергектік қуатын арттырып, денсаулығының жақсаруына пайдасын тигізді. Сонымен қатар, ҚазҰУ қызметкерлері дұрыс өмір салтын ұстанудың айқын белгісін көрсетті. Спорт түрлері бойынша жүлдегерлер сыйлық, грамоталармен марапатталып, ал спартакиада жеңімпаздарына «Парасат» қызметкерлер кәсіподағының дипломдары мен естелік жүлделері табысталды.

«Денсаулық» спартакиадасының ұйымдастырылып, өткізілуіне оқу орны басшылығы, кәсіподақ, дене шынықтыру және спорт кафедрасы, дұрыс өмір сүру салты орталығы, спорт клуб пен қазылар алқасы ықпал етті. 

Спорттық-бұқаралық шаралардың ұйымдастырылуы жаппай спорт түрлерінің даумына, белсенді спорт демалысын дәріптеп, дұрыс өмір салтын қалыптастырып, нығайтуға, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үлкен ұжымын бір арнаға тоғыстырып, бірлігін күшейтуге зор үлесін тигізеді.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!