ҚазҰУ ғалымдары Еуропалық ядролық зерттеу орталығында

25 қаңтар, 2017

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір топ физиктері академик Төлеген Қожамқұловтың жетекшілігімен «ЦЕРН» Еуропалық ядролық зерттеулер орталығына барды,- деп хабарлайды 24.kz.

Отандық ғалымдар әлемдік деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып, зерттеу орталығының мамандарынан тәжірибе алмақ ниетте. «Қазақстандық делегация ғылыми орталықтың жобаларымен танысып, ондағы жұмыс барысын көзімен көреді. Бұл сапар еліміздегі ілкімді ізденістерге тың серпін береді», - дейді ғалымдар.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазановтың айтуынша, ендігі мақсат - Қазақстанның осы үлкен орталыққа мүше болуы. «Қазақстан орталыққа мүше болса, бізге жол ашылады. Жоғары деңгейдегі ғылыми жобаларға қатыса аламыз. Жас ғалымдарды дайындауға мүмкіндік туады. Әлемдік деңгейдегі ғылыми жобалар бар. Сол жобаларға біздің ғалымдардың нақты ұсыныстарын алып келдік» дейді ол.

Айта кету керек, «ЦЕРН» Еуропалық ядролық зерттеу орталығы ірі физикалық зертхана болып саналады. ҚазҰУ мен CERN ұйымының арасында орнаған қарым-қатынас оңтайлы тәжірибеге ие. 2011 жылы университеттің тоғыз студенті физиканың жоғары қуаттары мен үдемелі физика бойынша жазғы мектеп бағдарламасы бойынша дәріс алып қайтса, 2014 жылы бір топ жас ғалымдар ғылыми орталықта екі апта бойы тәжірибелік тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар, ҚазҰУ мен СЕRN ынтымақтастығы аясында Еуропалық ядролық зерттеу ұйымының өкілдері 2016 жылдың қазан айында ҚазҰУ-да болып қайтқан. Мұнда ғылым- білім саласындағы мәселелермен қатар бірлесіп астрофизика, ядролық медицина, энергетика саласында ғылыми конференциялар өткізу туралы сөз қозғалды. CERN жұмысына отандық сарапшылар мен мамандарды жұмылдыру Орталық Азиядағы жаңа халықаралық ғылыми-техникалық және технологиялық орталығын құрып, ультразаманауи технологиялық новациялық байланыс каналдарын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.