Білікті профессор 70-ке келді

27 қаңтар, 2017

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, қадірлі ұстаз-ғалым Қуанышбек Қаражановтың 70 жылдығы аталып өтті.

Мерекелік мерейтойға профессордың ұлағатты ұстаздары, тәлім алған шәкірттері, өскелең ұрпақ пен аға буын өкілдері, ел өміріне елеулі үлес қосқан алаш азаматтары ат салысты. Мерекелік мәжілісті ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы ашып, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың құттықтауын оқып, мерейтой иесіне сыйлықтар тапсырды.

ҚР Сыртқы Істер Министрі Қайрат Әбдірахманұлының арнайы құттықтауын алып келген Алматы қаласындағы өкілділігінің өкілі Алма Аренова шәкірттің ұстазға деген ыстық ықыласын оқып берді. Сондай-ақ, белгілі тарихшы Берекет Кәрібайұлы жиналған қауымға ұстазының өмірбаянын баяндап, танымды тұлға туралы тың естеліктермен бөлісті.

Шара барысында тарих факультетінің деканы Меңдігүл Сағатқызы модераторлық етіп,торқалы жиынға жетекшілік жасады. Ең алғашқы болып ҚР Ғылым академиясының ғалымы Уахит Мәлекенов сөз сөйлеп, Қуанышбек Қаражановтың 70 жыл ішінде егеменді ел үшін көп еңбек сіңіргенін ерекше айтып өтті. Ол «Тарихтың дамуына қосқан үлесіңді халық біледі» деп ғалымға деген шынайы алғысын білдіріп, ғылыми еңбегін табыстады.

Ал Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының академигі, білікті тарихшы Әбдіғали Шупеков бастаған біртоп замандастары ерекше естеліктер айтып, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынов Қуанышбек Сүлейменұлының тарихттағы танымдық жолы жайлы баяндап, ғалымды «тарих турасында жазылған қателіктерге тосқауыл қоя білген адам» деп айрықша атап өтті. Осыдан кейін сөз ресми құттау үшін Шоқан Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Абжановқа берілді. Профессор мерейтой иесіне деген құрметін білдіріп, тарих саласындағы классиктер жинағын тарту етті. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың филология, журналистика факультетінің декандары Өмірхан Әбдиманұлы мен Сағатбек Медеубекұлы жүректен шыққан жыр шумақтарын оқып, ЖОО дейінгі дайындық факультетенің деканы Жарылқасын Еркінұлы бастаған ұжым ыстық ықыластарын жеткізді.

Шара модераторы Меңдігүл Сағатқызы Республиканың түкпір-түкпірінен келген құттықтау хаттарды баяндады. Зауытбек Құралбаев,Сейсенбек Мұстапаев, Бақытбек Кулекеев, Сакен Жайлауов сынды алыс аймақтан ат терлетіп келген азаматтар да ақ тілектерін жаудырды. Жиында қонақтар тарапынан бағалы сыйлықтар сыйланып, құрметтеліп, шапан кигізілді.

Сондай-ақ, мерейтой барысында Қуанышбек Сүлейменұлының қажырлы еңбегі, қайтпас қайсарлығы жөнінде әсерлі әңгімелер айтылды. Шәкірті Шәріпбай Әмірбекұлы: «Біз ҚазҰУ-ғакелерде басымызды иіп келеміз. Өйткені, өзіңіздей ұстаздар барда біз ҚазҰУ-ға қарыздармыз» деп атап өтті. Онымен қоса, дос-жарандарының айтуынша, 70-ге аяқ басқан ардақты азаматтың қаншама студентерге тигізген көмегі мен ақадал ниеті, адамгершілігі бір төбе деседі.