Алматы- ҚазҰУ- Универсиада

29 қаңтар, 2017

28-ші Бүкіләлемдік Универсиада алауының жағылуына орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алаңы мыңдаған аудиторияның басын қосты.

Алау жағу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚазҰУ және жоғары оқу орындарының студенттері мен еріктілері, Спорт федерациясының өкілдері, белді спортшылар мен белсенді аға буын өкілдері ат салысты.

Халықаралық деңгейдегі салтанатты мереке алау көтерушілердің шеруі мен таңғажайып би қойылымымен бастау алды. Бүкіл әлемннен миллиондаған телекөрермендер тамашалаған теңдессіз рәсімді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашып берді.

Қала әкімі: «Қазақстан қысқы Универсиада ойындарын ұйымдастырып отырған ТМД елдеріндегі алғашқы мемлекет. Дүниежүзілік спорттағы ауқымды дода Елбасымыздың қолдауымен қасиетті қазақ жерінде тұңғыш рет өтіп отыр. Бұл біздің ел аймақтарының, Қазақстан халқының бірлігінің, жастарымыздың мақсат-мүддесінің ортақтығын, мемлекетіміздің тұтастығын көрсететін айрықша оқиға. Универсиада ойындары - бұл тек студент жастардың сайысы ғана емес, бұл әлем халықтарының достық пейілі мен көтеріңкі көңіл-күйінің жарқын көрінісі»,- деп мерекелік шараның маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, ол ҚазҰУ-да айтулы аламанның алауы тұтануына ден қойып, айрықша атап өтті. Бауыржан Байбек : «Бүгінгі алауды жағу рәсімі қазақ білімінің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтуі тегін емес. Бұл іргелі оқу орны талантты жастарды тәрбиелеп, қатарға қосуда қашанда көшбасында» деді.

Айта кету керек, ұлттық университеттің бүгінде мәртебесі биік, мерейі үстем. ҚазҰУ Қазақстандағы студенттік спорт әлемінде сөзсіз көш бастап келеді. Талантты жастардың жетістіктері мен жеңістері ҚазҰУ-дың атын әлемдік деңгейге шығаруда.

Өз сөзінде қала әкімі Универсиада ойындарына жауапкершілік танытып, өзіндік үлес қосып, үлкен еңбек етіп жүрген оқу ордасының еріктілеріне алғыс білдірді.

«Универсиада Алматыға жаңаша серпін берді, қала көрінісін өзгертті. Шетелдік қонақтар біздің әсем тауларымыз бен табиғатымызды, дәстүрімізді, спорттық нысандарымызды көреді»,- деп Б.Байбек сөзін жалғастырды.

Алау тостағанының жанында Алматының ең үздік 7 студенті ғылымның 7 түрін бейнеледі. Олардың ішінде ҚазҰУ екі студенті бар.

Жалынды отшашудың сүйемелдеуімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жастар ұйымдары комитетінің» төрағасы Айсұлу Ерниязова қысқы Универсиада – 2017 символы- Жеңіс алауын жағып, оны бірінші алау көтеруші Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекке табыстады.

Алауды тапсырмас бұрын қала әкімі «Бұл біздің ел аймақтарының, Қазақстан халқының бірлігінің, жастарымыздың мақсат-мүддесінің ортақтығын, мемлекетіміздің тұтастығын көрсететін айрықша оқиға.Әлемнің әр қиырынан келген қонақтарға халқымыздың меймандос көңілі мен ақжарқын пейілін көрсетейік! Әлемдік жарыстарда талай рет топ жарып жүрген студенттердің осы жолы да бағы жансын!»,- деді. Бауыржан Байбек университет түлектерінің «Мәңгілік ел» қақпасының алдында ҚазҰУ студенті, Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландинге алауды тапсырды. Қазақстанның спорт пен мәдениет, білім мен ғылымның жарқын жұлдыздары, 100 алматылық алауды алып жүру құрметіне ие болды. Олардың ішінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, волейболдан спорт шебері Сабина Алтынбекова, қазақ күрестен әлем чемпионы Ғұсман Қырғызбаев бар. Атап өту керек, дүбірлі додаға ҚазҰУ-дың 11 студенті, халықаралық санаттағы спорт шеберлері қатыспақ.

Мерекелік шара ҚазҰУ қалашағын керемет көңіл-күйге бөледі. Жалынды жастардың, спорт пен денсаулықтың мерекесі жарқын концерттік бағдарламаға ұласты. Жылы сөздер айтылып, қала мейірім мен шуаққа толы ерекше күйге енді.

Баспасөз қызметі