ҚазҰУ спортшылары Қазақстан намысын қорғайды

30 қаңтар, 2017

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 11 студенті 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-2017 ойындарына қатысады.

Универсиада - ел тарихында ерекше орынға ие ірі шара, елеулі оқиға. Көптен күткен 2017 жылғы спорттық сайысқа оқ бойы оза шапқан спортшылар қатысуда. Оның ішінде Қазақ ұлттық университетінің 11 студенті бәйгеге іліккен. Олар: мәнерлеп сырғанау бойынша «Халықаралық қатынастар» мамандығының 1-курс студенті Жансая Адыханова, конькимен жүгіру спорты бойынша «Халықаралық құқық» мамандығының 1-курс студенттері Федор Мезенцев, Артур Сергиенко, Роман Креч, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті Дмитрий Морозов пен 1-курс магистранты Дарсиль Эссамамбо, шаңғымен секіру спорты бойынша «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті Даяна Ахметвалиева, шаңғы қоссайысы бойынша «Халықаралық құқық» мамандығының 1- курс студенті Айбек Әли, шайбалы хоккей бойынша «Дене шынықтыру және спорт мамандығының 3-курс студенті Аида Олжабаева мен «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының түлектері Меруерт Рысбек және Дария Молдабай. Сондай-ақ, Бүкіләлемдік Универсиада-2017 ойындарындағы Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын ең үздік спортшылар қатарына ҚазҰУ спортшылары енгенін айта кетпеске болмас.

Дүбірлі додада Қазақстан абыройын асқақтататындар мұнымен шектелмейді.  ҚазҰУ жастар комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязова, ҚазҰУ студенттері, жүзуден Риодағы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, волейболдан спорт шебері Сабина Алтынбекова, қазақ күрестен әлем чемпионы Ғұсман Қырғызбаев Универсиада- 2017 алауын ұстайтын болады.

Ордалы оқу орнының бүгінгі жетістігі мен тұғырлы жеңісі – университеттің елеулі еңбегінің теңдессіз жемісі деп білеміз. Себебі, қазіргі таңда спорттың 30-дан астам түрі қарқынды дамыған, спорттық секциялар клубтық пішінде жұмыс істеп жатыр,студенттерге арналған жүзу бассейні бар. ҚазҰУ–да студенттердің дұрыс өмір салтын ұстануы мардымды рөлге ие, маңызы зор. Кеше мен бүгінде Қазақ ұлттық университеті спорт әлемінде сөзсіз көш бастап келеді.

Мәселен, спорт тарихының өткеніне көз жүгіртіп көрелік, 1976-1980 жылдары 2 дүркін Олимпиада чемпионы, баскетболдан 5 дүркін Әлем чемпионы Надежда Ольхова, 1988 жылы биікке секіруден Олимпиада ойынының қола жүлдегері Ольга Турчак, 8000 метр биіктіктен жоғары 14 шыңды бағындырған 2012 жылы Әлем чемпионы Василий Пивцов және бокстан 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, 2012 жылы ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Светлана Подобедова, 2008 жылы дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Житкеев сынды Бүкіл Әлемдік спорт элитасына кірген спортшылар ҚазҰУ қабырғасында білім алуы мұның бір айқын дәлелі.

Ал Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиада ойындарына университетімізден 17 студент қатысып, Елдос Сметов қола, Эльмира Сыздықова күміс жүлдегер атанса, Дмитрий Баландиннің Олимпиада ойындарында жүзуден қазақ спорты тарихындағы алғашқы алтын медальды қанжығасына байлауы кездейсоқтық емес.

Сонымен қатар, 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен Бүкіләлемдік жазғы универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына түскен 6 алтын медальдің 5-еуін ҚазҰУ спортшылары алғанын атап өту керек.

Тамыры тереңге жайылған бәйтеректей ҚазҰУ студенттік спортта сап бастап тұрғаны айтпаса да анық. Себебі, қасиетті қарашаңырақта саңлақтар өрнегін салған спорттың өшпес ізі қалды. Демек, қазақ спортының арландары мен тарландарының жолын жалғап, жұрнағы болған жас буынның шығар шыңы алда, бағындырар белесі биік болатынына кәміл сенімдіміз!

 

 Баспасөз қызметі