«Студенттік көктем - 2010» фестивалі
26 наурызда Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Студенттік көктем - 2010» көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті өтті. Ректор Бақытжан Жұмағұлов 28 шығармашылық бағытта өнерімен тәнті еткен үздіктерді дипломмен және сыйлықтармен марапттады. Сондай-ақ, фестивальға қатысқан талантты студенттердің шығармашылығын жоғары бағалап, аталмыш шараның ұйымдастырушыларына шексіз алғысын білдірді.
Биылғы байқау Ұлы Жеңістің 65-жылдық мерейтойына арналды.
«Студенттік көктем» фестивалі – университеттің барлық факультеттері мен колледж студенттері қатысатын кең ауқымды шығармашылық жоба.
Биылғы фестивальдың ерекшелігі - ұжымдық көрсетілімдердің болуында. Студенттер Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Үздік әдеби-музыкалық композиция» жаңа номинациясына аса мән қойып дайындалды. «Әскери-патриоттық әндер» номинациясы бойынша көптеген соғыс жылдарында танымалы болған әндер шырқалды.
Байқаудың әділқазылар алқасын бастаған атақты композитор, продюсер Ермек Елгезеков студенттердің таланттарына тәнті қалды. «Студенттік көктемнің» жеңімпазы фестивальдың ең жас қатысушылары – ҚазҰУ колледжінің студенттері атанды.
- Әділқазылар алқасының шешімімен, балаларымның таланты жоғары бағаланып, өз елінің нағыз патриоттары екендігі барша қауымның алдында мойындалды. Бұл біз үшін аса құнды. Болашақта бүгінгі студенттердің орнын басатын белсенді шәкірттерді тәрбиелеп жатқаныма шын жүректен қуаныштымын! – деді сөзінде ҚазҰУ колледжінің директоры Бейбітгүл Каримова.
Сондай-ақ, «Студенттік көктем-2010» фестивалінің жүлдегерлері атанған экономика және бизнес факультетінің студенттері 2-ші орынды иемденсе, 3-ші орынды биология және география факультеттері бөлісті.
Фестиваль дипломаттары «Вокалды-аспап ансамблі», «Үздік жүргізуші», «Қазіргі заман биі» номинациясы бойынша анықталған болатын.
Жас таланттарды қолдауда отандық эстраданың жұлдыздары да белсенділік танытты: Индира Расылхан, Құдайберген Бекішев, Сейфуллин Жолбарыс, Динара Қырықбаева, «МұзАРТ» және «Каспий» топтары, тележүргізуші Ринат Думанұлы және балетмейстер Шара Нақыпбекова.
Гала-концертте эстрада жұлдыздары мен студенттерден құралған жұлдызды жұптар – Малика Есмұханбетова мен Қайрат Түнтеков, Мұхит Әбілқасымов пен Медеу Арынбаев, Марал Жанекеева мен «До Мажор» топтары фестивальдың сәніне айналды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі