Президент Үндеуі талқыланды

6 ақпан, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің Үндеуі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Конституционалды реформа жайында бекітілген Елбасы Үндеуі ҚазҰУ ұжымы арасында үлкен қолдауға ие болып, кең талқыға түсті.

Ғылыми семинар бағдарламасында Қазақстандағы саяси өзгерістер жағдайында Парламент рөлін арттыру, ҚР жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің мәселелері, келешегін қалыптастыру және дамыту, мемлекеттік билікке өзгерістер енгізудің жаңа жағдайында саяси партиялардың рөлі жөнінде ашық пікірталас ұйымдастырылды.

Семинар жұмысына ҚР Конституциялық Кеңесі, мемлекеттік мекеме, саяси партия және қоғамдық ұйым өкілдері, ҚазҰУ жас ғалымдары мен оқытушы-профессорлық құрам атсалысты.

Алғашқы болып академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев «Біз конституциялық кеңістіктеміз» тақырыбында баяндама оқып, ел дамуындағы конституция рөлін айшықтап көрсетті. Сондай-ақ, сарапшылар республикадағы мемлекеттік мекемелер жүйесін жетілдірудің құқықтық-конституциялық негізін және «Қазақстан-2050 Стратегиясын» құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыру жайын талқылады.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева өз сөзінде қазақстандық қоғамның құқықтық негізін қалыптастырудағы мәселелер жайына тоқталып, қайта бөлу жүйесіндегі жағдайды жітелеп жеткізді. «Билік өкілеттілігін қайта бөлу жүйесі мемлекеттің мықты болуы үшін және оған жоғары органдар жауапты болуы керек деген оймен жасалған. Баршамызға мәлім, біз президенттік республикамыз. 91-бапқа сәйкес, Қазақстанда басқару жүйесін өзгертуге болмайды. Яғни президенттік басқару жүйесі өзгермейді, тек парламент, үкімет биліктерін күшейтіп, жалпылықты көтеру керек. Сонымен қатар, аймақтағы жергілікті құзіреттерге билікті беру қажеттігін айта кету керек».

А. Ибраева «Қазір 26- бап бойынша «әркім» деген сөз енгізіліп жатыр. «Әркім» дегеніміз құқықтық жағдайы бойынша шетел азаматы, азаматы жоқ оралмандарда болуы мүмкін, яғни табиғаттық құқық бойынша әр адамның мүлікке ие болу құқығы бар. Мұны жеке меншік арқылы инвестициялық қаражаттарды көп шақыру деп түсіну керек. Ал, жер мәселесіне келсек, оның өзіндік кодекс, заңдары бар. Конституцияның 6 бабында жер туралы құқық арнайы заңмен бекітілген», - деп билікке енген өзгерістердің жаңа жағдайын түсіндіріп өтті.

Заң факультетінің деканы Даулет Байдильдинов конституциялық реформаны қоғамның дұрыс түсінбейтінін тілге тиек етті. «Менің ойымша, конституциялық реформаны ауқымды мағынада түсіну қажет. Бұл мемлекеттік биліктің жекелену жолымен демократиялану мәселесі. Яғни Президент өкілеттілігінің бөлігін үкімет пен парламентке берсе, олар өкілеттіктерінің бөлігін министрліктер мен мекемелерге, министрліктер мен мекемелер шаруашылық қызметіне, шаруашылық қызметі өкілеттіктерінің бөлігін кәсіпорындарға, университеттерге беруі тиіс. Мұның барлығы әр құзіреттіліктің өз жұмысына деген жауапкершілігін түсінуіне әсер етеді және дербестігін күшейтеді», - деді факультет деканы.

Сонымен қатар, семинар қатысушылары Қазақстандағы конституциялық реформа дайындығының мәдени-құндылықты бағытын және жүзеге асыру жолдарын қарастырды.