ҚазҰУ мен Үндістан ынтымақтастығы артуда

7 ақпан, 2017

ҚазҰУ-ға Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Харш Джейн Үндістан өкіметі атынан 7 835 000 теңге (жеті миллион сегіз жүз отыз бес мың теңге) көлемінде материалдық дотацияның сертификатын табыстады.

Бұл сома Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Үндітану бөлімінің жанынан ашылған Махатма Ганди орталығы мен Үндітану орталығының ашылуына жұмсалып отыр. Өз сөзінде елші «25 жылда Қазақстан мен Үндістан қарым-қатынастары өзара сенім, құрмет пен түсіністік негізінде құрылған күшті стратегиялық әріптестікке айналғандығына қуаныштымын. Сонымен қатар, біз саяси-экономикалық, мәдени және ғылыми салалардағы екі жақтық қарым-қатынастардың барлығын жақсы дамыттық деген ойдамыз. Соңғы екі жылда Үндістан мен университет арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар бастамаларды қолға алдық.Соның ішінде атап айтар болсақ, Үндістанның ұлттық кадет корпусы мен университеттің әскери дайындық кафедрасы арасындағы акамедиялық алмасу бағдарламасы, ҚазҰУ мен Амити университеті арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумның жүзеге асырылуы, сондай-ақ, алғашқы қазақ-хинди, хинди-қазақ сөздігінің жариялануы және ұлт университетінде ЮНЕСКО сабақтарының жүргізілуі сияқты біршама жұмыстар іске асып келеді» ,- деп атап өтті. Харш Джейн сөзіне дәйектеме есебінде шығыстану факультеті деканы Баян Жұбатова Үнді үкіметі тарапынан бөлінген материалдық дотацияны игеру туралы видеоесеп беріп, баяндама барысында Үндітану бөлімі жетістіктерімен таныстыра кетті. Үнді өкіметінің көрсеткен қолдауы мен жемісті ынтымақтастығы ҚазҰУ тарапынан да ыстық ықыласқа ие болды. Ғалым Мұтанов Харш Джейнға шынайы ризашылығын білдіріп, елшіге «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерейтойлық медалін табыстап, алғыс хатпен марапаттады.