Шәркүл Таубаева кітаптарының тұсаукесері өтті
ҚазҰУ кітапханасында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шәркүл Таубаеваның «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген кітаптарының тұсаукесері өтті.
Алғашқы болып философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор Әлия Масалимова сөз сөйлеп, «Профессор Ш.Таубаеваның ғылыми ізденіс жолы» тақырыбында баяндама оқыды. Өз сөзінде ол ғылым мен тәжірибенің тізгінін қатар ұстаған Шәркүл Таубаеваны әріптестері тәуелсіз еліміздің студент жастарына білім мен тәрбие беру ісінде және жас ғалымдарды даярлауда орасан зор үлес қосқан азамат деп танитынын тілге тиек етті. Ә.Масалимова « Ш.Таубаева Қазақстан және ТМД елдерінде әдіснамасы саласында құрметті ғалым,"педагогикалық зерттеудің әдістемесі және әдіснамасы", "педагогикалық ғылымының әдіснамалық мәселелері", "педагогика философиясы және әдіснамасы" еңбектері білім беру жүйесінде мамандар даярлауда кеңінен қолданылуда. Шәркүл Таубайқызының жетекшілігімен 8 докторлық,13 кандидаттық диссертация қорғалды» деді.
Алғысөзден кейін Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов бастама жасап, кітаптардың тұсауының кесілуіне мұрындық етті. А.Қабыкенұлы Ш.Таубайқызын "педагогика ғылымында сара жолы бар танымал ғалым" деп ерекше атап өтті. Сондай-ақ, профессордың өзі үйреніп ғана қоймай, үйретіп жүретін қасиеттеріне ерекше тоқтала кетті. Оның айтуынша, білім беру жүйесіндегі педагогика журналында жас ізденушілерге көмек айдарында 35 мақаласы республика көлемінде тараған.
Шараға «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының бөлім меңгерушісі Аршагүл Рысбаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің педагогикалық және психология факультетінің деканы Сайраш Жиенбаева, Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті педагогика және психология кафедрасының профессоры Ботагүл Тұрғынбаева және т.б. атсалысты. Сондай-ақ, тұсаукесерге «Қазақ университеті» баспасының сату бөлімінің жетекші маманы Сәуле Жылқайдарова қатысып, ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасының педагогикалық әдебиетінің сапасын арттыру жұмысында ғалымның белсенділік танытып жүргендігін айтып, ғалымның еңбектеріне Мәскеу университеттері қызығушылық танытып жатқандығын зор қуанышпен жеткізді.