«Сыбайлас жемқорлықтың шығуы: ұлттық таным және менталды мәселелер»

14 ақпан, 2017

 ҚазҰУ-де «Сыбайлас жемқорлықтың шығуы: ұлттық таным және менталды мәселелер» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияны ұйымдастырушылары: Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті.

Конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің маңыздылығына тоқталды. «Елбасының халық пен қоғам алдына қойған тапсырмалары аясында, соның ішінде өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және оның алдын алу міндетіне біз іс-шаралар дайындап, жүйелі жұмыс атқаруымыз керек» деп атап өтті.

Конференция барысында еліміздегі жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелері талқыланды. Ғалымдар, профессорлар және университет оқытушылары осы конференцияға арнайы баяндамалар жасады. ҚазҰУ-дың Әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Ш.Жаманбалаева «Университет сыбайлас жемқорлықтан тыс» атты баяндамасында университет қабырғасында кез-келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу қажеттігін айтты. Соған орай «Қазақстан университеттері сыбайлас жемқорлықтан тыс» атты қозғалыс ұйымдастыру жөніндегі ұсынысын жеткізді. Басқосуға келген қонақтар өздерінің осы мәселеге байланысты пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Университет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүзеге асыруды көздейтін әр түрлі бағдарламалар аясында белсенді қызмет атқаруда. «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, жоғары оқу орнында жемқорлық әрекетіне қарсы бағдарлама жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жемқорлықтың алдын алу мақсатымен түрлі кездесу, жиын мен отырыстар тұрақты түрде өткізіледі. Мұндай іс-шараларда құқық қорғау мекемелері, сот және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысып, сөз сөйлейді. Студенттік ұйымдар тарапынан түрлі акция және «Антишпора», «Жемқорлыққа жол жоқ!» т.б. іс-шаралар мен флешмобтар өткізіледі.