Жапония студенттері ҚазҰУ-дың қысқы мектебінде

17 ақпан, 2017

Сыртқы академиялық ұтқырлықты дамыту және университеттің стратегиялық дамуын жүзеге асыру мақсатында ҚазҰУ Жапонияның Васэда университетімен бірлесіп қысқы мектеп ұйымдастырды. Сондай-ақ, мектеп білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде өтті. 

Қысқы мектепке профессор Атцуши Огихараның жетекшілігімен Орталық Азияны зерттеуге мамандандырылған 8 студент қатысты. Шетелдік студенттерге далалық зерттеуге байланысты “Аймақтану. Орталық Азия саясаты, экономикасы және мәдениеті” атты курс ұсынылды. Профессор Огихара ҚазҰУ табыстаған арнайы сертификаттар мен транскриптілердің қысқы мектепке қатысушылар үшін маңыздылығын атап өтті.

Бағдарламаның бастамасы ретінде Васэда университетінің WAMIPOP жобасы аясында жапон тағамдарының көрмесін өткізді. Көрме барысында жапон делегациясы ұлттық тәтті “каринтоу”-ды әзірлеу құпияларымен бөлісіп, факультет студенттері оларды дайындау мүмкіндіктеріне ие болды.  

Қысқы мектеп шеңберінде дәстүрге айналған 17-ші халықаралық студенттік симпозиум өтті. Бұл жолы «Ата-анаңыздың ұзақ мерзімді күтімін кімге сеніп тапсырасыз?» тақырыбында студенттер коммуникативті қарым-қатынастың интерактивті формаларын қолдана отырып, жапон тілінде талқылаулар жүргізді. Пікірталастан кейін жапон студенттері ұлттық мисо сорпасы мен шәй әзірлеп, ұлттық биін биледі. Өз кезегінде қазақстандық студенттер домбырада әсерлі күй орындады. Симпозиум университеттердің әнұраны мен девиздерін орындаумен аяқталды.

Васеда университетімен қарым-қатынас 2009 жылдан бастау алған. Содан бері профессор Огихараның бастамасымен қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге бағытталған студенттердің бірталай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2017 жылы ҚазҰУ бастамасымен оқу орнында Васеда Университетінің гуманитарлық ғылымдар зертханасы жұмысын бастады, ал Васеда университетінде ҚазҰУ орталығы ашылу жоспарланған. Аталмыш іс-шаралар  ректор, академик Ғ.М. Мұтановтың бастамасымен ҚазҰУ кампусының «SmartUniversity» жобасы бойынша жүзеге асырылуда.

 

                                                                    

                                            Қиыр Шығыс кафедрасы