Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында «ХХІ ғасыр оқушыларының интеллектуалды әлеуеті: жетістіктер және инновациялар» атты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының IV-ші «ЖАС ӘЛ-ФАРАБИ» мектеп конференциясы өтті.
Іс-шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бейіндік мектебінің басшылығымен ұйымдастырылды. Конференция жұмысына Алматы қаласындағы физика-математика, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептері мен №15, №140 гимназияның, №169 лицейдің оқушылары қатысты. Жаратылыстану- математика, қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы ғылымдар бойынша 4 секция жұмысында 122-ден астам баяндамалар тыңдалды.
Университеттің білікті ғалым-оқытушыларынан құралған әділ қазылар алқасы ғылыми-зерттеу жұмыстарының өте жоғары деңгейде орындалғандығын атап өтті. Қатысушылардың таңдап алған ғылыми тақырыптарына деген зор қызығушылығы, зерттеу материалын жан-жақты меңгергендіктері, әділ қазылар алқасының қойған сұрақтарына тұшымды жауап беруі жағымды әсер қалдырды. Сондай-ақ, қонақтар мен қатысушылар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, қазылар алқасының әділдігіне ризашылық танытты.
Конференция нәтижесіне сәйкес жүлделі орындар тағайындалып, жеңімпаздар алғыс хаттармен қатар дипломдармен марапатталды. Атап өту керек, ғылыми-зерттеу жұмыстарының IV «ЖАС ӘЛ-ФАРАБИ» конференциясының нәтижесі бойынша тезистер жиынтығы басылып шығарылады. Сонымен қатар, конференция президиумы алдағы уақытта аталмыш шараны халықаралық деңгейде өткізуді ұсынып отыр.