Ән – әлемді біріктіреді

23 ақпан, 2017

Ақпан айының 15-ші жұлдызында №14 жатақханада Сара Алпысқызының туған күніне орай «Ән – әлемді біріктіреді» атты мерекелік іс-шара болып өтті. 

Шара барысында Сара Алпысқызының өмірбаяны жайында слайд назарға ұсынылып,  Бағдаулетқызы  С. күмбірлетіп күй шертіп, Лесбаева Б. мен  Шақырған С. әуелетіп ән шырқады. Факультет студенттері Қайыпжан Ж., Жалғасова С. қоғам қайраткеріне жүректен шыққан жырларын арнаса, Лесбаева Б. Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» шығармасын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, көрермендер арасында музыкалық ойындар өткізіліп, барлық студенттер бірге хор орындады.

Айта кету керек, Сара Алпысқызы 1992 жылы "Бөбек" қайырымдылық қорының негізін қалаған болатын. Ұйым қызметі ана мен баланы қорғау, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу, мектептерді қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрмыс дәрежесі төмен отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсету, балалар денсаулығын сақтау ісіне жәрдемдесу жұмыстарына бағытталған. Ол жетім балаларды тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастырып, елімізде тұңғыш "SOS Киндердорф" балалар ауылының өмірге келуіне мұрындық болды. Сондай-ақ, Қазақстанда алғашқы болып жетім балаларды қорғайтын заң (Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы) шығару бастамасын көтерді. «Өзін-өзі тану» атты балаларға рухани-адамгершілік білім беру және тәрбие беру идеясының авторы.

 Дипломатиялық аударма кафедрасы