«Microsoft» - ҚазҰУ: стратегиялық әріптестік

1 наурыз, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы әлемге әйгілі «Microsoft» компаниясының шақыртуымен «Электронды кампус» жобасын таныстыру мақсатында жоғары оқу орындарының «Campus Connections-2017» жаһандық саммитіне қатысты. Рэдмонд қаласында (Вашингтон штаты, АҚШ) орналасқан бағдарламалық қамтамасыз етудің ірі өндірушісінің штаб-пәтерінде университет пен «Microsoft» арасындағы стратегиялық әріптестікке қол жеткізілді.

«Campus Connections» – бұл жоғары білім беру жүйесі мен әлем университеттерінің кампусын басқаруға IT-технологияларды енгізу жөніндегі өзекті мәселерді талқылауға арналған бірегей алаң.

Саммитте ТМД елдері университеттері ішінен тек ҚазҰУ ғана «E-campus» жобасын ұсыну құрметіне ие болды, аталмыш жоба «Microsoft» өкілдері мен шетелдік оқу орындарының үлкен қызығушылығын тудырды.

Корпорация ҚазҰУ-дың заманауи ІТ-технологияларды университеттің барлық қызметіне кеңінен енгізіп, дамыту бойынша жұмысын жоғары бағалады. «Microsoft» компаниясының жоғары оқу орындарымен жұмыс жөніндегі  директоры Роб Кёртинмен кездесу барысында стратегиялық әріптестікпен қатар, посткеңестік кеңістіктегі білім беру саласында ІТ-платформаны дамытудың инновациялық векторын қалыптастыру туралы ынтымақтастық орнатылды.

ҚазҰУ-дың ІТ-технология саласындағы қызметі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған сандық Қазақстан құру бойынша міндеттерді жүзеге асыруда маңызды қадам болып табылады. Атап өту керек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында аты әлемге әйгілі «Hewlett-Packard», «Microsoft», «Cisco», «Konika Minolta», «Fujitsu», «Samsung» «Касперский зертханасы» және тағы басқа компаниялардың ғылыми-білім беру орталықтары ашылып, жемісті жұмыс істеп келеді.

«Al-Farabi university – smart city» ғылыми-инновациялық кешенді жобасы аясында ҚазҰУ-да университеттік инфрақұрылым жетілдірілуде, ал сандық технологиялар негізінде бірегей коммуникативтік орта құрылуда.  Жоба жаңа сандық экономика үшін жоғары білікті мамандарды дайындауға және бәсекеге қабілетті ұлттың қарқынды дамуы үшін қуатты рухани-адамгершілік және интеллектуалдық платформаны қалыптастыруға бағытталған.

 

ҚазҰУ баспасөз қызметі