ҚР ұлттық экономика вице-министрі ҚазҰУ-да

1 наурыз, 2017

ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері ҚР ұлттық экономика вице-министрі Мадина Әбілқасымовамен кездесті. 

Кездесуді аша отырып ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева ашық диалог өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін қонаққа алғысын білдіріп, университет қызметінің негізгі жетістіктерін баяндап берді. Сондай-ақ, проректор ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бəсекеге қабілеттілік» жолдауын жүзеге асыру жұмысына ҚазҰУ ұжымы алғашқылардың бірі болып белсене атсалысқанын тілге тиек етті.

Айтулы шара бағдардамалық құжаттың негізгі ережелерін талқылауға арналды.

Баяндамасында М.Әбілқасымова 2017 жылғы Жолдаудың сабақтастығын атап өтіп, оның сыртқы нарық жағдайындағы өзектілігіне тоқталды. «Бүкіл әлемде үлкен құрылымды өзгерістер орын алды, Қазақстан Төртінші өнеркәсіптік революция мен жаңа технологиялық толқыннның табалдырығын аттағалы тұр», - деді Мадина Ерасылқызы.

Сарапшының айтуынша, жеке сектор алдағы он жыл ішінде экономикалық дамудың қозғаушы күші болуы тиіс. «Мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының стандарттарына негізделген. Заңдардағы өзгертулер мен түзетулер салалық заңнама нормаларына сәйкестенуіне байланысты енгізілген. Бұл шаралар нарықты монополияландыру үшін сызбаның пайда болуына тыйым салуға бағытталып отыр», - деп атап өтті вице-министр.

Мадина Әбілқасымова студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, экономикалық өсудің жаңа моделін құрып жүзеге асыруда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының маңыздылығын айтып өтті. Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін дамыту стратегиялық жоспары мен экспортты-инвестициялық және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру сандық индустрия мен экономиканың базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыруға, экономиканы жақсартуға, сонымен қатар, экспортты әртараптандыруға және жоғары өсім қарқынын қамтамасыз етуге, капитал тартуға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Алға қойған мақсатқа жету үшін Үкіметтің ашықтығына, есеп беруге міндеттілігі мен заң үстемдігінің ұстанымдарының сақталуына аса мән беру қажет.

Мадина Әбілқасымова республикадағы жоғары білім беру жүйесіндегі ҚазҰУ-дың жетекші рөлін айрықша айтып өтті. Вице-министр кәсіби академиялық бірлестік пен ҚР ұлттық экономика Министрлігі арасында қолданбалы зерттеу жүргізу мен дамытуда ғылыми ынтымақтастық орнату жайлы экономика және бизнес Жоғары мектебінің деканы, профессор Баян Ермекбаеваның ұсынысын қолдады.

Сонымен қатар, шара аясында ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы вице-министрді жағдаяттық басқару орталығы, «Керемет» СҚО, «Әл-Фараби» мұражайы мен «Әл-Фараби» кітапханасы қызметімен таныстырды. Мадина Әбілқасымова университеттің Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарында қайталанбас кітапхана қоры мен материалды-техникалық базамен жабдықталғанын атап өтті. Айта кету керек, «Әл-Фараби» кітапханасы цифрлық технология саясаты аясында жаңа цифрлық технологияларды  қолдану арқылы технологиялық міндеттерді орындауда. Кітапхана үдерісін толықтай автоматтандыру жүзеге асырылған, заманауи электронды ресурстар ұсынылуда және бірегей кітап қоры қалыптасуда.

 

Баспасөз қызметі