Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың Иран Ислам Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Можтаба Дамирчилумен кездесуі болып өтті.
Кездесу аясында тараптар білім мен ғылымды дамыту саласындағы Қазақстан-Иран ынтымақтастығы мәселелерін, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу, гуманитарлық білім беру және мәдени жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ғалым Мұтанов ҚазҰУ ғалымдарының Түркия, Иран, Ұлыбританияның серіктес ЖОО-мен бірлесе ұйымдастырған «Иран-Тұран» ірі жобасын жүзеге асыруда қолдау көрсеткені үшін ИИМ Елшілігінің Бас консулдығының Мәдени орталығына алғыс білдірді. Бұл жоба түркологиялық зерттеулерді дамытуды және Кэмбридж университетінің негізінде Орталық Азия зерттеулерінің орталығын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ректор ислам әлемі елдерінің университеттері, орталықтары және мекемелерімен ынтымақтастықтың тиімді векторын атап өтті. «ҚазҰУ мәдениет, ғылым және білім беру мәселесі бойынша Ислам ұйымымен бірлесіп жұмыс істеуде (ISESCO). Қазақстандық және шетелдік қоғамдық-саяси қайраткерлердің қатысуымен ұйымдасқан «Әл-Фараби және қазіргі заман» халықаралық форумы – әріптестіктің жаңа деңгейіне көшуге және әлем ғалымдарының заманауи диалогына арналған ерекше платформа», - деді Ғалым Мұтанов. Мәселен, ҚазҰУ мен Ш.Бехешти атындағы университет арасындағы келісім нәтижесінде ҚазҰУ PhD докторанттары Иранда білім алып, сирек металдарды алу саласында зерттеулер жүргізуде.
Өз кезегінде Можтаба Дамирчилу қонақжайлылығы үшін университет басшылығына алғыс білдіріп, ынтымақтас мемлекеттер арасындағы ғылыми-білім беру, мәдени байланыстың дамуына өзара қызығушылық танытатынын айтып өтті. Ректор Ғалым Мұтанов Иран университеттерімен әріптестік аясында ядролық физика, ядролық қауіпсіздік саласында зерттеулер жүргізуді және ҚазҰУ-да нанотехнологиялар, экономика және логистика бойынша зерттеу орталығын ашуды ұсынды.
Кездесу барысында Можтаба Дамирчилу «Әл-Фараби» мұражайымен танысты. Шығыстану факультетінің студенттері мен оқытушыларына «Елшілік сағатын» өткізіп, халықаралық қатынастардың заманауи тенденциялары мен екі мемлекет ынтымақтастығы бағыттарын талқылады. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы ИИМ Елшілігің Бас консулдығының Мәдени орталығы мен иранистика бөлімі «Иран фильмдері арқылы ауызекі парсы тілін үйрену» тақырыбында Шахид Бехешти атындағы университет профессоры Амир Ченаридің ғылыми-әдістемелік семинарын ұйымдастырды.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасты. Ғалым Мұтанов Можтаба Дамирчилуды дипломатиялық миссиялар, халықаралық ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталық басшыларының қатысуымен өтетін Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамының қонағы болуға шақырды.