ҚазҰУ ер-азаматтары Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырды.
Ән мен сәнге толы мерекелік кешті университет ректоры Ғалым Мұтанов ашып, ардақты аруларға жүректен шыққан жыр жолдарын арнады. Қазақ өнерін дәріптеп жүрген өнертанушы, сазгер Владимир Питерцевтің жетекшілігімен құрылған жаңа топ Ғ. Мұтанұлының «Жан жылуы» және «Көңіл құсы» әндерін көрерменге паш етті. Сонымен қатар, оқытушылық және әкімшілік құрамның ер-азаматтарының орындауында әсем әндер шырқалып, сахналық қойылымдар қойылып, құттықтау сөздер де толассыз айтылды.
Сән мен салтанаты жарасқан айтулы мерекеде ҚазҰУ қызметкерлері мүлде жаңа қырынан танылды. Аяулы аруларға арнап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы және проректорлар Талғат Мекебаев, Мұқамбетқали Бүркітбаев, Тілекқабыл Рамазанов, Бауыржан Қалжеков, Асқар Хикметов «Қызылқұмда ауылым» әнін орындады. Жағдаяттық басқару орталығының қызметкерлері әуелетіп ән шырқаса, декан орынбасарлары мен аға оқытушылар теңізшілер биін билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Агробиостанцияның инженері, өндірістік бөлім меңгерушісі Қарпық Дінмұхаммед «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен нәзік жандыларға жылы лебізін білдірді. ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушілері - Ермек Әубәкіров, Сұлтан Тлеуханов, Ермек Ділмаханбетов, Молдахмет Мырзабеков, Берекет Кәрібаев, Жетпісбай Бекболатұлы «Ой, жеңге» әнімен көрермендерді баурап, әскери кафедра өкілдері хор арнай отырып залдағы нәзік жандыларға гүл шоқтарын табыстады. Атап өту керек, аталмыш гүл шоқтары ҚазҰУ жылыжайында өсірілуімен ерекшеленеді. Онымен қоса, студенттер сарайының қызметкері Юрий Карпов атақты Вердидің әнімен көрерменді лирикалық көңілге бөлесе, тарих факультетінің аға оқытушыларынан құралған би тобы кәсіби заманауи биімен таңғалдырды. Концерт соңында нәзік жандыларды тағы бір тосын сый күтіп тұрды. Залға төбеден алқызыл шарлар түсіріліп, көктемнің көркем мерекесі айрықша аяқталды. Сондай-ақ, шара барысында жүргізушілер ҚазҰУдың танымал түлектері ақын Олжас Сүлейменов, Жоғары сот төрағасы Қайрат Мами, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және тағы басқа да құрметті азаматтардың ҚазҰУ аруларына деген ақ тілектерін жеткізді.
Бар өнерін ортаға салған ҚазҰУ ер-азаматтарына деген нәзік жандылардың айтар алғысы көп. Өйткені, шұғылалы мейрамды думандатып атап өту ҚазҰУ-дың үздіксіз дәстүріне айналған.
Баспасөз қызметі