Шұғылалы көктем мерекесі 8 наурыз қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді.
Әртүрлі салада қызмет етіп жүрген елдегі нәзік жандылардың 16 өкілі Ақордада Елбасымен кездесті. Бақыттан бал-бұл жайнаған арулардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дың экология мәселелері ҒЗИ директорының ғылым бойынша орынбасары Әлия Ерназарова да болды.
«Көктем шуағы» кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қоғамның дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөлін атап өтті. «Спикерлердің бірі ретінде сөз сөйлейтін болғаннан кейін толқып тұрғанмын, дегенмен, Президент кіріп, өз сөзін бастағанда, сарай ішінде керемет көңіл-күй орнады. Нұрсұлтан Әбішұлы бізді 8 наурыз мерекесімен құтттықтап, зор денсаулық, табыс, бақыт, отбасымызға амандық тіледі. Ол біреуімізді де назардан тыс қалдырмады, оның қолдау білдіріп, айтқан жылы сөздері қатысушыларға жағымды әсер беріп, қуатттандыра түсті. Көңілге көктем сыйлаған шара көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Мемлекет басшысы біз үшін Ақорда ішінде экскурсия жүргізіп, резиденцияны көрсетті. Әсіресе, осы сәт мені аса тебірентті, өйткені, біз Елбасы кабинеті мен қабылдау бөлмесін көруге мүмкіндік алдық», - деп сезімімен бөлісті Әлия Ерназарова.