Жұртым деп жұдырықтай жұмылған Алаш қайраткерлерін ұлықтау – батыл бабаларының жастар жадында айрықша орынға ие екендігінің белгісі. Азаттық жолында аянбай тер төккен ардақтылар өмірінің тарихқа енбеген тың тұстарын жастарға жеткізу қажет-ақ. Осы мақсатта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультеті «Жас архивист» клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен Алаш қайраткері Асылбек Сейітовтің қызы Сейітова Клара Асылбекқызымен кездесу өтті.
Асылбек Сейітов 1897 жылы 22 қантарда Омбы қаласында Батыc Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында дүниеге келген. Алдымен орыс мектебінде, содан соң Омбының классикалық ерлер гимназиясында оқыған. 1911 жылы Том университетінің медицина факультетіне оқуға түскен ол ел басына күн туған қысылтаяң кезеңде халықты түрлі аурулардан емдеп, аянбай еңбек еткен. Сонымен қатар, ұлтжанды азамат Алашорданың Ақмола облыстық комитеті басшыларының бірі бола отырып, ұлт-азаттық қозғалысына үлкен үлес қосқан.
Аналар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл жиынға факультет студенттері, «Жас архивист» клубының мүшелері, сондай-ақ, жас өнерпаздар қатысты. Кездесуге жұбайымен бірге келген 80 жастағы Клара Асылбекқызы өз әңгімесін әкесінің өмірбаянымен бастады. Ол Асылбек Сейітовтің Алаш қозғалысына айрықша үлес қосқанын тілге тиек етті. Жарық дүниеге келген сәтінен бастап ата-ананың жылы алақанын, ыстық мейірімін сезінбеген Клара Сейітова әкесінің қуғынға ұшырап, әділетсіз түрде оқ астында қалғанына күйінетінін жеткізді. Өз сөзінде: «Мен әкемді өмір бойы күттім. Анамның қайтыс болғанын білгеніммен, «әкем тірі болуы мүмкін» деген ой санамнан кетпеді. Кейіннен ол кісінің 8 желтоқсан күні атылғанын білгенде жүрегім қарс айырылды. Әкем қайтыс болған соң 6 айдан кейін мен дүниеге келіппін. Тағдырдың жазуы осылай болғаны ғой», –дей келе, әкесінің Алаш қайраткерлері қатарынан тысқары қалып қойып жатқандығын да айтып өтті.
Асылбек Сейітов – медицина саласында өзіндік орны бар айрықша тұлға. Ол қазіргі уақытта Алматы қаласының Мақатаев көшесінде орналасқан №5 қалалық аурухананың да негізін қалаған. Бұл ғимараттың сыртында Алаш қайраткеріне арнайы тақтайша орнатылған. Ұлт жанашырының қызы Клара Сейітова әкесіне арналған ескерткіш орнатылғанын қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, өмірін әкесінің еңбек жолын зерттеуге арнаған өжет қыз Алматы қаласындағы Асылбек Сейітов көшесінің тым қысқалығына да қынжылатындығын айтты.
Жиынға қатысушылар асылдың тұяғы Клара Сейітованың жүрекжарды әңгімесін ұйып тыңдап, қайраткер Асылбек Сейітовтің тарихи суреттерін көріп тамашалады. Кеш соңында «Жас архивист» клубы мүшелері домбыра, гитара сынды аспаптармен ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Студенттер Клара Асылбекқызын мерекесімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Оразгүл МҰХАТОВА