Катар Орталық банкінің Төрағасы ҚазҰУ-да

14 наурыз, 2017

Катар мемлекетінің Орталық банкінің төрағасы шейх Абдолла бен Сауда Әл-Тани әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да исламдық қаржыландыру және банкинг тақырбында дәріс оқыды.

Шара басында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов университетпен ынтымақтастыққа аса  көңіл бөліп отырғандығы үшін шейхке зор алғысын білдірді. «Абдолла бен Сауда Әл-Танидің ҚазҰУ-ға екінші сапары жоғары сенімнің белгісі әрі Қазақстан мен Катар ірі қаржы институттары мен жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік қарым-қатынастың нығаюының заңды жалғасы болып табылады», - деп атап өтті Ғ. Мұтанов.

Катардың ірі қаржы институтының жоғары деңгейдегі тәжірибелі жетекшісінің дәрісі Қазақстанда алғаш рет өткізілуде. Шейх Абдолла бен Сауда Әл-Тани банк қызметі және исламдық қаржыландырудың негізгі қағидалары жөнінде баяндап берді. Сонымен қатар, ол ҚазҰУ оқытушылары, жас ғалымдары және студенттерімен бірлескен аталмыш іс-шаралар мен тағылымды кездесулер өз жалғасын тапса деген ізгі ниетін білдірді.

«Бүгінде Катар мемлекеті исламдық қаржыландырудың дамуына қызығушылық білдіріп, үлкен мән беруде. Маңызды зерттеу әлеуеті мен халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруда  үлкен тәжірибеге ие, қаржы және экономика саласында жоғары білікті мамандар дайындайтын Қазақстанның жетекші оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен стратегиялық серіктес болғанымызға қуаныштымыз» ,- деді Шейх Абдолла бен Сауда Әл-Тани.

Катар мемлекетінің Орталық банк делегациясының өкілдері Шейх Абдолла бен Сауда Әл-Тани, Хуссеин Әли Әл Абдулла, Майкл Герард Райен, Адель Мустафауй, Ахмад Әли К Ахмад, Абдулла Әл Джида, Салем Әли Әл Кавари жиналғандарды исламдық банк өнімдерінің түрлерімен, депозиттік және инвестициялық қызметтермен, дара клиенттер мен жеке тұлғаларды қаржыландыру мәселелерімен таныстырды. Сондай-ақ, ҚазҰУ студенттері мен оқытушылардың сан түрлі сауалдарына жауап берді.

Айта кету керек, 2016 жылы шейхтың Қазақстанға келген арнайы сапары барысында ҚазҰУ мен Катар мемлекетінің банкі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Серіктестік аясында отандық қаржы секторының мамандары мен студенттеріне арналған білім-ғылым саласындағы қарым-қатынастарды дамытып, академиялық ұтқырлық, бірлескен қос бағдарламаларды жүзеге асыру, зерттеулер, тренингтер, шеберлік-сағаттарын өткізу сияқты көптеген тағы да басқа жобалар қарастырылған.

Дәріс соңында Абдолла бен Сауда Әл-Таниге «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті докторы» атағы берілді. Жоғары мәртебеге ие болған дәріскер ҚазҰУ ұжымына өз алғысын айтып, университеттің болашақта биік шыңдарды бағындырып, алға қойған мақсаттарға жете беруіне тілектестік білдірді.

 Сонымен қатар, кездесуге құрметті қонақтармен қатар Қазақстанның Катар мемлекетіндегі елшісі Асқар Шоқыбаев, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, отандық және шетелдік банк сарапшылары мен өкілдері атсалысты.