ҚазҰУ Жапонияның Бунко Гакуин университетімен ынтымақтастық келісімін орнатты.
Кездесуді ашқан бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев ҚазҰУ мен Жапония университеттері арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті. «ҚазҰУ Жапонияның ядролық энергетика агенттігімен қатар Жапонияның жетекші университеттерімен белсенді байланыс жүргізіп келеді. Біз екі жақтың қызығушылығына сай, ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін дамыту саласында құрылымды ұсыныстарды талқылауға дайынбыз» ,- деді М.Бүркітбаев.
Бунко Гакуин университетінің вице-президенті Йошио Сакураяма қонақжайлығы үшін ҚазҰУ-ға алғыс айтып, екі университет қабілетін біріктіруге және ынтымақтастықты нығайтуға бар күшін салуға әзір екендігін білдірді. «Еуразия өркениеті жолы» жобасын жүзеге асыру- Қазақстан жоғары оқу орындарымен байланыс орнатудағы алғашқы қадам. Біз жапон студенттерінің Еуразиядағы беделді университеттерде, оның ішінде ҚазҰУ-да білім алуы үшін жол ашып отырмыз»,- деп атап өтті Йошио Сакураяма.
Сонымен қатар, кездесу аясында тараптар өзге де білім беру бағдарламаларын дайындап, жүзеге асыру мәселелерін, халықралық жазғы, қысқы мектептер өткізу жұмыстарын, академиялық ықпалдасу бағдарламаларын дамыту, профессорлардың қатысуымен лекциялар ұйымдастыру жайын талқылады.
Шара соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасты. Сондай-ақ, М.Бүркітбаев шетелдік қонақтарды дипломатиялық тапсырмалар, халықаралық ұйымдар және ұлттық-мәдени орталық басшыларының қатысуымен өтетін әз-Наурыз мейрамына қонақ болуға шақырды.