Сәні мен салтанаты жарасқан байқау
Шуақты көктеммен бірге ҚазҰУ қалашығы да нұрлана түскендей. Өнерлі өрендер мен өресі биік жастардың сән мен салтанат құратын шағы келді. Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында талайлардың ішінен таңдаулысын сапқа қосқан талантты тарландар сайысқа түсті. ҚазҰУ үшін шұғылалы көктеммен тұспа-тұс келетін дәстүрлі «Өнер әлемінің көктемі» атты «Студенттік көктем-2017» көркемөнерпаздар байқауының ақтық сайысы болып өтті.
«Студенттік көктем» байқауы – жастар өз шығармашылық қабілетінің қарымын көрсетіп, би, музыкалық, актерлық, ақындық өнерлерін ортаға салатын ерекше шара. Дәстүрлі байқау биылдан бастап жастардың жалынын одан әрі жаға түспек. Ендігі кезекте би, вокал және эстрада, аспапты музыка, театр сияқты өнер бағыттарының басы бір арнаға тоғысып, мюзикл жанрында көрсетілмек.
Ақтық сайыста факультеттер әр мемлекеттің өнер әлемін бейнеледі. Шара барысында Экономика және бизнес жоғары мектебі – Бразилия, ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті – Қытай, физика-техникалық факультет – Испания, механика-математика факультеті – Үнді, шығыстану факультеті – Корей, тарих, археология және этнология факультеті – Қазақ елі, сонымен қатар, химия және химиялық технологиялар факультеті – Франция, заң факультеті – Кавказ, биология және биотехнология факультеті – Англия, филология және әлем тілдері факультеті – Өзбекстан, философия және саясаттану факультеті – Мысыр Араб Республикасы, халықаралық қатынастар факультеті – Ресей, география және табиғатты пайдалану факультеті Италияға сапар шекті. Қатысушылар әр мемлекеттің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, тарихы мен танымын бейнелей отырып, оған әуезді әсем ән қосып, әдемі ырғаққа бөледі. Олар әр елдің өзіне тән ерекшелігін ескеріп, мюзиклді мән мен мағынасы келіскен жүйелі сюжетке ұластырды. Жұмыла кіріскен жүк жеңіл демекші, сан түрлі өнердің бір сарында сахналануы көңілге жылылық сыйлап, көз қуантқаны рас.
Өзара бақ сынасқан байқау қатысушылары бірінен-бірі аспаса, кем түспеді. ҚазҰУ қызметкерлері мен өнер жұлдыздарынан құралған қазылар алқасына жүйріктердің жүйрігін анықтау оңайға соқпады. Әйтсе де, қазылар әрбір факультеттің артықшылығын байқап, үздік тұстарын қалыс қалдырмады. «Ең үздік актерлік шеберлік» аталымы бойынша филология және әлем тілдері, «ең үздік аспаптарда ойнау», «ең үздік би» аталымы бойынша тарих, археология және этнология, «ең үздік вокал» аталымы бойынша халықаралық қатынастар факультеті марапатқа ие болды. Дүбірлі додада философия және саясаттану факультеті жеңіс тұғырынан көрініп, ІІІ-орынға қол жеткізсе, ІІ-орын оқ бойы оза шапқан механика-математика мен география және табиғатты пайдалану факультеттеріне бұйырды. Сахналық мәдениет мен ауыз әдебиетінің өрнегін өрген филология және әлем тілдері факультеті жүлделі І-орынды еншіледі. Ал әні мен сәні үйлесім тапқан химия және химиялық технологиялар факультеті байқаудың бас бәйгесін қанжығалады.
Байқау білімгерлердің шығармашылығын шыңдап, оларды жан-жақты, рухы биік, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруды мақсат етеді. Байқаудың таланттардың танылуына тигізер рөлі орасан зор. Содан болар, айтулы шараны ҚазҰУ студенттері жыл сайын сағынышпен асыға күтеді.
Баспасөз қызметі