«Биотехнология, экология және физика-химиялық биологияның өзекті мәселелері»

6 сәуір, 2017

Әл-Фараби кітапханасында  биология және биотехнология факультетінің ұйымдастыруымен ІV Халықаралық Фараби оқулары аясында «Биотехнология, экология және физика-химиялық биологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға белгілі ғалымдар, сондай-ақ, оқытушы-профессорлармен қатар студенттер белсене атсалысты. Шара шымылдығын ашқан факультет деканы Болатхан Заядан Фараби оқуларының маңыздылығын атап өтіп, биотехнология ғылымының өзектілігін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде: «Биотехнология ғылым ретінде заманауи биологияның маңызды бөлігі болып табылады. Бұл жыл бойынша ХХІ ғасырдың басында биотехнология тауарлар барысы әлем өнімінің 4/1 бөлігін құрайтынын бәріміз білеміз. БҰҰ ХХІ ғасырдың технологиясы биотехнология екендігін ресми түрде мәлімдеп отыр. Биотехнологияның жыл сайын 7 пайызға өсуі әлемдік нарықта оның жоғары өсуінің көрсеткіші» ,- деді.

Конференция білім көкжиегінде кеңінен қанат жаюға ықпалын тигізбек. Шара барысында заманауи кадрлар дайындау бойынша  жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Аталмыш конференция академик Майя Шығаеваның рухына арналды. Конференция отырысы басталмас бұрын профессорды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Пленарлық отырыста алғашқы болып баяндама оқыған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жалпы биология және геномика кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА проессоры Р.Берсімбаев ісік аурының өрбуіне қатысатын тұқымдар жөнінде мардымды мағлұматтар келтірді. «Жаңа дәрі-дәрмектер шығарудағы клиникалық зерттеулердің рөлі» тақырыбында кеңінен мәліметтер топтамасына тоқталған Клиникалық фармакология институтының директоры И.Құлмағамбетов жүйелі ой білдірді. Ал ҚазҰУ профессорлары С.Абилев пен Т.Мұқашева ҚазҰУ-да генотксиологиялық зертеулердің қалыптасып, дамуын және Қазақстанның кейбір жерлерінде актинобактерияның таралуы турасында кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ, шетелдік профессорлар биология аспектілерінің жай-жапсарын баяндап, өз пікірлерін ортаға салды.

Конференцияда қолданбалы және іргелі биотехнология мәселелері; қазіргі заманғы микробиологияның өзекті аспектілері; қазіргі заманғы биомедицина және биофизиканың өзекті мәселелері; экология және ресурстарды сақтау тақырыбында секциялар жұмыс істеп, кітапхана залы ғалымдар мен профессорлардың зерделі сөз айтып, зерттеу жасаған алаңына айналды.

Баспасөз қызметі