Дидро Университеті делегациясы ҚазҰУ-да

7 сәуір, 2017

ҚазҰУ-дың заң факультетінде Дидро Университетінің ұтқырлық жөніндегі Президенті Филиппе Кадемен және университет делегациясымен кездесу өтті. 

Алғашқы болып сөз алған факультет деканы Дәулет Байдельдинов университет жетістіктерімен қатар факультет тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Өз сөзінде ол ҚазҰУ магистранттарының алдымыздағы жылы Сорбонна жазғы мектебіне барып, мол тәжірибе жинақтап қайтқандығын тілге тиек етіп, университет делегациясына деген ризашылығын жасырмады. 

 Дидро Университетінің ұтқырлық жөніндегі Президенті Боллон процесінің тиімділігіне тоқталып, ҚазҰУ студенттері мен түлектерінің мүмкіндіктерін сөз етті.  Дидро университетінің жазғы мектебі мен Францияның басқа да университеттерінде білім алу жолдарын түсіндіріп, өзіндік ерекшелігіне тоқталды. "Дидро университетінде оқитын 25 мың студенттің  21%-ы шетелдік. Франция заңына сәйкес, жергілікті азаматтармен шетелдіктер тең құқылы болғандықтан француз тілін меңгенгендер Франция елінде тегін білім алу мүмкіндігі бар.  Ал Phd дәрежесін алам деушілер ағылшын тілінде емтихан тапсырып, келісім бойынша оқуын жалғастыра алады", - деп атап өтті ол. Каденің айтуынша, биылғы жазғы мектеп 20-30 маусым аралығында өткізіледі. Сондай-ақ, Дидро университетінде студенттер үшін барлық жағдай жасалған көрінеді. Ф.Каде студенттердің ойында жүрген сан түрлі сауалдарына жауап беріп, ҚазҰУ ұжымына қонақжайлығы үшін алғыс білдірді.

Атап өту керек, жақында ғана әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Сорбонна Париж-Ситэ 7 Дидро университеті стратегиялық серіктестік туралы келісімшарт қол қойған болатын. Келісімшартта ғылыми тағылымдама, студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен зерттеу жұмыстарын, қос дипломды білім беру бағдарламаларын дайындап, оны жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар, екі жақ химия, биология, физика және космология, математика, ақпараттық технологиялар бойынша серіктестікті дамыту жөнінде уағдаласқан болатын. Бұл ынтымақтастық аясында Нобель сыйлығының лауреаты Джорж Смут жұмыс істейтін космология зертханасы мен ҚазҰУ және Париж Сорбонна Дидро университеттерінің зертханаларында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Баспасөз қызметі