Студенттерге 400-теңгелік кешенді түскі ас берілді
ҚазҰУ-дың «Ай-Тұмар» тамақтандыру орталығы студент жастарды қолдау мақсатында 400 теңгелік кешенді түскі ас берді. Түскі ас құрамына бірінші, екінші тамақпен қатар салат, компот, шай ұсынылды.
Тамақтандыру орталығына келіп жатқан ағыл-тегіл студенттер үшін бүгінгі күн мерекемен тең. Орталық директоры Сара Шаяхметқызы мұрындық еткен игі бастама түрлі мейрамдарды себеп етіп, 3 жыл қатарынан студенттерге бармақтай болса да бақыт сыйлап келеді. Ал бүгінгі шара 12 сәуір ғалымдар күніне орай ұйымдастырылып отырған көрінеді. Бұл туралы Сара Шаяхметқызы өз сөзінде атап өтті. «ҚазҰУ Халықаралық QS рейтингінде 236-орыннан көрініп, әлемнің 250 үздік университеттерінің қатарына енді. Бұл ҚазҰУ-дың білгір ғалымдар дайындап келе жатқанының айқын көрінісі. Онымен қоса, осы көшті бастаған Ғалым Мұтановтың ғылымдағы рөлін ескере отырып, ғалымдар күніне орай аталмыш шараны ұйымдастырып отырмыз»,- деді орталық директоры.
Сондай-ақ, шара аясында Сара Шаяхметқызы университет дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан өресі биік, озық ойлайтын студенттерге өз тарапынан сый-сияпат табыстайтын болады. Ал әр аптаның жұмасында студенттерге арнап тегін сорпа дайындалып отырады екен. С.Шаяхметқызының айтуынша, аталмыш іс-шаралар студенттерге әлеуметтік көмек ретінде жиі өткізіліп тұрады.
Шараға алғаш рет келіп отырған география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Жусан Жақсылық: «Бұл бағдарламаны әлеуметтік желіден көріп досым екеуміз келеміз деп шешім қабылдадық. Себебі, мұндай мүмкіндіктер ылғи бола бермейді», - деді. Осы факультеттің студенті Аманқос Айдар «Төрт жүз теңгелік түскі ас» бағдарламасының өтіп жатқандығына қуаныштымын. ҚазҰУ студенттері үшін бұл таптырмас, қолайлы баға», - деп ризашылығын жасырмады. Философия және саясаттану факультетінің студенті Жансая Сәтекова болса студенттерге тиімді бағада дәмді ас ішуге мүмкіндік беріп отырған жобаға алғысын білдірді.
Атап өту керек, ендігі кезекте С.Шаяхметқызы ұжымы студенттер үшін өзге де іс-шараларды жоспарлап отыр. Жақын арада Тамақтану орталығы мен Студенттік жастар комитетінің қолдауымен әр факультет қыздарының асханаға икемділігін анықтау мақсатында байқау ұйымдастырылмақ.