«Huawei» ҚазҰУ-да

17 сәуір, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Huawei» ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов пен «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясының бас директоры Хоу Тао қол қойды.

Орталық жұмысы IT және телекоммуникация саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға, бірлескен білім беру бағдарламаларын жасауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновациялық өнімдер мен шешімдерді шығаруға бағытталған. Сонымен қатар, университет оқытушылары мен студенттері «Huawei» компаниясының бөлімдерінде тағылымдамадан, өндірістік және ғылыми-зерттеу тәжірибелерінен өте алады. Компанияның соңғы техникалық өнімдері мен технологиялары туралы жедел ақпарат алатын болады.

 «Huawei» ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында әлемдік жетекші корпорация болып табылады. Компанияның өнімдері мен қызметтерін әлемнің 170-тен аса мемлекеті тұтынады. Енді біз Қазақстанның жетекші университеті – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірге келешектің ақпараттық қоғамын құруға жұмыс істейтін боламыз», - деп атап өтті «Huawei Technologies Kazakhstan» басшысы Хоу Тао.

«Huawei» заманауи телекоммуникациялық құрылғыларымен және бағдарламалық өнімдерімен жабдықталған орталықта оқу курстарын жүргізу, ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялар саласында қызмет ететін мамандардың біліктілігін арттыру және оларды сертификаттау жоспарлануда.

Кездесу барысында тараптар Жаңа Жібек жолы университеттері альянсінің IT-технопаркін ҚазҰУ базасында құру жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге келді. Аталмыш жоба алдыңғы қатарлы сандық технологиялар мен инновациялық зерттеулерді дамытудың орталығы болады деп күтілуде.

ҚазҰУ-дың ІТ-технология саласындағы қызметі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған сандық Қазақстан құру бойынша міндеттерді жүзеге асыруда маңызды қадам болып табылады. Атап өту керек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында аты әлемге әйгілі «Hewlett-Packard», «Microsoft», «Cisco», «Konika Minolta», «Fujitsu», «Samsung» «Касперский зертханасы» және тағы басқа компаниялардың ғылыми-білім беру орталықтары ашылып, жемісті жұмыс істеп келеді.

«Al-Farabi university – smart city» ғылыми-инновациялық кешенді жобасы аясында Қазақстанның жаңа сандық экономикасына қажетті жоғары білікті мамандарды дайындау және бәсекеге қабілетті ұлттың қарқынды дамуы үшін қуатты рухани-адамгершілік және интеллектуалдық тұғырнаманы қалыптастыру жүзеге асырылуда. 

 

Баспасөз қызметі