ҚазҰУ мақтаныштары

19 сәуір, 2017

ҚазҰУ-дың студенті Ғұсман Қырғызбай дзюдодан Түркияда өткен халықаралық Grand Prix турнирінде алтын медалін жеңіп алды. Анталия қаласында өткен спорт сайысы барысында оның бірінші қарсыласы Түркменстанның спортшысы Батыр Гурбаниязов болды. 60 келі салмақты спортшылар арасында болған белдесудің нәтижесінде Ғұсман Қырғызбай таза жеңісті қанжығасына байлады. Екінші және үшінші қарсыластары  Монғолия мен Тайпей елінің дзюдошылары болды. Ғұсманның айтуынша «қарсыластарының дайындық деңгейі мықты болды, сондықтан оларды жеңу оңайға түспеді». Дегенмен қазақ жігітінің қолданған шебер техникасы Монғолия спортшысын жамбастың астына түсірді. Ең қызық сайыс жартылай финалда қызды. Жекпе-жекке шыққан Қытай Тайпейінің Янг Юнг Уэй дзюдошысы өзінің асқан шеберлігін көрсете білгенімен, қазақ спортшысының шабуылдарына төтеп бере алмай ақыры жеңілді. Ақтық жарыста Ғ. Қырғызбай Түркияның дес бермес Өзли Бекир дзюдошысымен белдесіп, оны шалқасынан түсірді. Сөйтіп халықаралық турнирдің финалында 60 келі салмағындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің спортшы –студенті қомақты ұпаймен таза жеңіске жетіп, елдің қоржынын алтын медальмен толтырды. Ал әйелдердің арасында дзюдодан өткен сайыстың нәтижесінде Қазақстан спортшыларының командалық қоржынына ҚазҰУ студенті Мариан Ордабаева күміс медалін қосып, қазақ қыздарының осал емес екендігін дәлелдеді. Сәуірдің 7-9 аралығында Анталия қаласында өткен жарысқа 34 елдің 252 спортшысы қатысып, Қазақстанның ар-намысын 22 дзюдошы қорғады. ҚазҰУ ұжымы жеңіске жеткен спортшыларды шын жүректен құттықтап, болашақта үлкен шыңдарға жете берулеріне тілектестік білдіреді! Жарайсыңдар! 

                                                                                                                                                                                Баспасөз қызметі

 

акультет ВШОЗ,

 

 

 

                                                                                                                                                                           Баспасөз қызметі