Игілікті іс

25 сәуір, 2017

ҚазҰУ-дың «Ай-Тұмар» тамақтандыру орталығы студент жастарды қолдау мақсатында 400 теңгелік кешенді түскі ас берді.

Тамақтандыру орталығына ағыл-тегіл келіп жатқан студенттер үшін бұл күн мерекемен тең.  Орталық  директоры Сара Шаяхметқызы мұрындық болған игі бастамалар түрлі мерекелер аясында 3 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Ал биылғы шара 12 сәуір – Ғалымдар күніне орай ұйымдастырылды. «ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 236-орыннан көрініп, әлемнің 250 үздік университетінің қатарына енді. Бұл ҚазҰУ-дың білгір мамандар дайындап келе жатқанының айқын көрінісі. Осы көшті бастаған Ғалым Мұтановтың және университет ғалымдарының еңбектерін ескере отырып, аталмыш шараны қолға алдық », – дейді орталық директоры.

Шара аясында Сара Шаяхметқызы университет дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан талантты студенттерге өз тарапынан сый-сыяпат ұсынды. Сондай-ақ тамақтандыру орталығында әр аптаның жұмасында студенттерге арнап тегін сорпа дайындалып отырады. Орталық директорының айтуынша, мұндай іс-шаралар студенттерге әлеуметтік көмек ретінде жиі өткізіліп тұрады.

География және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Жусан Жақсылық: «Бұл бағдарламаны әлеуметтік желіден көріп, досым екеуміз келеміз деп шешім қабылдадық. Мұндай мүмкіндіктер ылғи бола бермейді», – деп пікір білдірді. Осы факультеттің студенті Аманқос Айдар да ұйымдастырушыларға деген ризашылығын жасырмады. Философия және саясаттану факультетінің студенті Жансая Сәтекова болса, студенттерге тиімді бағада ұсынылған астың аса дәмді әрі пайдалы екендігін атап өтті.

Айта кетерлігі, жақын арада Тамақтандыру орталығы және Жастар ұйымдары комитеті бірлесіп, әр факультет қыздарының асханаға икемділігін анықтау мақсатында байқау ұйымдастырмақ.

Баспасөз қызметі