- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Психологияның теориялық және қолданбалы мәселелері: бастаудан қазіргі таңға дейін»
«Психологияның теориялық және қолданбалы мәселелері: бастаудан қазіргі таңға дейін»
ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінде атақты қазақстандық психолог және педагог, профессор Сатыбалды Жақыповтың құрметіне арналған «Психологияның теориялық және қолданбалы мәселелері: бастаудан қазіргі таңға дейін» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Шараға Қазақстанның, сонымен бірге алыс-жақын шетелдің 80-нен астам ғалымдары және практик-психологтары, ЖОО оқытушылары, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Конференцияның жұмысы Философия және саясаттану факультетінің деканы, Әлия Масалимованың құттықтау сөзімен басталды.
Пленарлық мәжілісте Қайнар академиясының профессоры, Қазақ психологиялық қоғамының президенті М. Перленбетов мемлекет дамуындағы халықтардың психологиялық денсаулық мәселесі, ҚазҰУ профессоры А. Ким жоғары мектеп оқытушыларының эмоциялық интеллектісінің дамуы туралы сөз қозғап, ҚазҰУ профессоры О. Аймағанбетова қазақ жастарының діни бағдарлары мен артықшылықтарына әлеуметтік-психологиялық зерттеудің нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ, ҚазҰПУ доценті Ү.Уақпаева, Практикалық психология және психотерапия Еуразиялық институтының аккредиттелген супервизоры О. Игумнова, ҚазҰУ профессоры Ж.Укеева, психология ғылымдарының кандидаты М.Кабакова қатысып, психологиялық практиканы лицензиялау қажеттігі жайына тоқталып, теориялық, қолданбалы және практикалық психологияның өзекті мәселелері туралы баяндама жасады.
Іс-шара аясында психологиялық ғылым саласында профессор С. Жақыпов атындағы студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының I-Республикалық байқауы қортындыланып, марапаттау рәсімі өтті. Байқау көрнекті қазақстандық психолог және педагог С. Жақыповтың ғылыми мұрасын көпшілікке таныту, студент жастардың ғылыми әлеуетін белсендендіру, оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Атап өту керек, Сатыбалды Жақыпов 10 жылдан аса ҚазҰУ-дың этникалық және педагогикалық психология кафедрасында меңгеруші болып қызмет атқарды. Ғалым 9 ғылым докторын, 50 ғылым кандидатын, 5 PһD докторы мен 51 психология магистрін дайындады.
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы