ЖОО өкілдері «Жасыл технологиялар» орталығымен танысты

16 маусым, 2017

«Жоғары оқу орнында онлайн-порталдарының және студенттерге қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастырудың әдіснамалық және практикалық негіздері» атты семинардың екінші күні «Жасыл технологиялар» орталығының тұсаукесерімен басталды.

«Жасыл технологиялар» орталығы қуат алудың түрлі технологиялары: жел, күн, гидро- мен геотермалдық, биогаз және сутектік энергетиканы қолдану арқылы  «жасыл энергетика» бойынша  инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін «Шағын ЭКСПО» рөлін атқарады. Осы мақсатта орталық аумағында жылу сорғысы, биогаз алу құрылғысы, сутектік және желдік генератор сынды барлық қажетті баламалы қуат көздерінің қызметі біріктірілген. Бұл туралы университеттің «Жасыл энергия» бөлімінің директоры Тілек Кетегенов баяндап өтті. Ол  қонақтарды университеттегі жылыжай, Аквапоника және де технопарк қызметімен таныстырды.  

Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар атқарылып жатқан бұл жұмыстарға қызығушылық білдіріп, таңданыстарын да жасырмады. Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық академиясында бағдарламашысы Ибрагим Спатаевтың айтуынша, аталмыш шара ел өркендеуі мен университет дамуында маңыздылығы зор. «Кешеден бері іс-тәжірибе алмасу семинарында ойламаған дүниелерді көріп таңырқап жатырмыз. Оқу орнында білім алушыларға жоғары деңгейде жағдай жасалған. Бүгінгі бағытымыз «Жасыл технологиялар» орталығы болып отыр. Қолдан өсіріліп жатқан жемістерден ауыз тидік, ҚазҰУ-дың ойлап тапқан тиімді технологиялары ерекше әсер қалдырды», -дейді ол. 

 

Баспасөз қызметі