Тау тұлға

29 маусым, 2017

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дің "Қазақ университеті" баспа үйінен жарық көріп келе жатқан "Өнегелі өмір" жобасы университет ректоры академик Ғ. Мұтановтың бастамасымен қолға алынған жобалардың бірі. Дәстүрлі шығарылымның бұл жолғы 113 саны белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ақын, драматург Нұрлан Оразалинге арналады. Нұрлан Оразалиннің лирикасы мен поэмаларына Ш. Айтматов, О. Сүлейменов, Р. Нұрғали, Т. Молдағалиев т.б. ақын-жазушылар жоғары бағаларын берген еді дейді,- кітаптың алғы сөзін жазған республикалық «Өнегелі өмір» сериясының бас редакторы, ректор Ғ. Мұтанов.

Кітап мұрағат құжаттарынан және төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі ҚР президенті Н. Назарбаевтың құттықтауымен ашылып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құттықтауларымен ой-пікірлеріне ұласады. Қолтаңба атты бөлімінен Нұрлан Оразалиннің "Абай биігі", "Ұлт биігі" "Махамбет мәңгілігі", "Алдаспан жырдың алыбы", "Ақын болу Хақтың ісі" т.б ой танымдық толғамдармен танысуға болады.  Соңғы бөлімдер ақын жайлы сыршыл естеліктермен, жыр-шашуларға ұласады.

Нұрлан Оразалин - ақын, танымал драматург, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. Еліміздің саяси, мәдени өміріне қоян қолтық араласып, рухани кеңістігіміз бен ұлттық ойлау жүйеміздің тұтастығын сақтауда қайраткерлік қарым танытып жүрген тұлғаның өмірі жас ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала береді.

Тұсаукесерде тау тұлғаның замандастары мен шәкірттері ақынды құнарлы топырақтан шыққан қайнар бұлаққа, биік бәйтерекке теңеп сан қырлы естеліктермен бөлісті. Жетпісті еңсерген жыр жауһарын ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов мерейлі жасымен құттықтап сый-сыяпат ұсынды.

 Баспасөз қызметі