ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев ҚазҰУ-ға арнайы іссапармен келді.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов жоғары мәртебелі қонақты «Жемқорлықтан тыс университет» жобасын жүзеге асыру бойынша университет тәжірибесімен таныстырды. Оқу орнында жемқорлықпен күрес механизмдері мен технологиялары енгізілген. Бұл туралы А. Шпекбаевтың жағдаяттық басқару орталығы жұмысына сапары барысында атап өтілді. Жағдаяттық басқару орталығы мамандарының айтуынша, орталық әкімшілік-басқару, әлеуметтік, шаруашылық, ғылыми-зерттеу, білім беру үдерісін толық бақылауды қамтамасыз етеді. Алынған деректер басшылық пен қызметкерлерге жедел түрде алдын ала бағдарлауға және әр түрлі жағдайға бейімделуге, сонымен қатар дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кездесу барысында жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Атап өту керек, «Керемет» қызмет көрсету орталығында «Азаматтық бақылау әлеуметтік жобасы аясында Қоғамдық қабылдау бөлімі ашылған. Мұнда кез-келген адам жемқорлық фактілері бойынша шағымдана алады.
Сонымен қатар А. Шпекбаев ғылыми-технологиялық парк пен «Жасыл технологиялар» орталығында болып, жылу шығару жобаларын тамашалады. ИИДМБ-2 іске асыру шеңберінде технопарк бүгінде заманауи технологиялар негізінде инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Баспасөз қызметі