Өнегелі өмірден сыр шерткен

13 шілде, 2017

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің өмірі мен шығармашылығына орай жарық көрген «Өнегелі өмір» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жиынға ақынның қаламдас әріптестері, достары Р.Сейсенбаев, Ж.Дәуренбеков, Қ.Құрманғалиев, Р.Ниязбеков, С.Елубай, Б.Жақып, Н.Жүсіп және өзге де зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.  

Шараны құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аталмыш серияның мемлекетке, ұлтқа ерен еңбек сіңірген тұлғаларды қалың бұқараға толығырақ таныстыру мақсатында шығарылып келе жатқанын айтты. «Өнегелі өмір» сериясы кітабының басты кейіпкеріне тоқтала отырып, тұлғалық қасиеттері мен қырларын атап өтті. «Ең алдымен, талантты ақын ретінде танылған Нұрлан Мырқасымұлының поэ­зиясы ел мен жер тағдырын терең толғайтын азаматтық қуатымен ерекшеленеді. Елдің сөзін сөйлеп, ұлттың мұңын мұңдайтын қайраткер ретінде де сіз Тәуелсіз еліміздің рухани өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіз. ҚазҰУ түлегі ретінде сіздің өмір жолыңыз бен азаматтық ұстанымыңыз жастарға үлгі-өнеге» дей келе, мерейтой иесін әл-Фараби атындағы Алтын медальмен марапаттады.
Н.Оразалин өз кезегінде университет басшылығына ризашылығын білдіріп, бұл кітап өзі үшін ең үлкен марапат екенін айтты. Алғаш осы оқу орнының табалдырығын аттаған сәттен бастап, біліммен қоса өмірлік бағыт-бағдар берген Бейсембай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев сынды ұстаздарын құрметпен еске алып, ел болашағына қызмет ете беретінін жеткізді.