Ынтымақтастықтың оң серпіні

14 шілде, 2017

ҚазҰУ-да Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының директоры Криста Пиккатпен кездесу болып өтті. Мәртебелі мейман университет тарихымен және жағдаяттық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Атап өту керек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-UNITWIN бағдарламасы аясында тұрақты даму бойынша аймақтық Хабы және БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы болып табылады. Кездесу барысында университет басшылығымен тұрақты дамудың тұжырымдамасы аясында білім беру мәселелері бойынша ЮНЕСКО мен университет ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды.

Өркениеттер мен халықтар арасындағы диалог үшін жағдай жасауда БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның бастамалары мен негізгі қағидаттарын қолдай отырып университетте ЮНЕСКО халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы және география және табиғатты пайдалану факультетінің тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы белсенді жұмыс істейді. Өз кезегінде кафедралар білім алмасу мен желілер құру бойынша тұғырнама мен озық тәжірибе ұсынады. Мұнда қоршаған ортаны қорғау, жаңартылған энергия көздері бойынша инновациялық технологиялардың жасыл экономикасы бойынша ғылыми-инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, оқу орны «Model UN New Silk Way», «Al-Farabi university­ - smart city», «Жасыл көпір» және т.б. жобаларды іске асыруда.

Кездесу барысында КазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов университетте ұлы ойшыл әл-Фарабидің ізгілікті қоғам идеясына негізделген «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа - адамзаттың тұрақты дамуындағы заманауи жоғары оқу орындарының рөлі» және «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру» атты жаңа екі жобаны шығаруды жоспарлап жатқандығын атап өтті.     

Аталған жобалар «жасыл экономиканы» ілгерілету үдерісіне студенттерді тарту үшін жасалған Мемлекет басшысының ғаламдық энерге-экологиялық бастамасын қолдауға бағытталған. Осы орайда ҚазҰУ ректоры ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының директорына осы жобаларды бірлесіп іске асыруды ұсынып, қарастыру үшін сипаттамасын тапсырды.

Бұл жобалардың мақсаты ЮНЕСКО қызметінің қағидасымен үйлесімді үндесетін бейбітшілік пен әділдік идеясын жас ұрпаққа жеткізу екендігін айтып өткен жөн.

Сонымен қатар, ынтымақтастық шеңберінде ҚазҰУ қазір әлемнің көптеген жоғары оқу орындарында оқытылатын журналистика саласы бойынша ЮНЕСКО-ның білім беру бағдарламасының жаһандық моделін оқу үдерісіне енгізуге ниетті екендігі атап өтілді. 

Шара соңында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат ҚазҰУ идеялары мен мақсаттарын құптай отырып, жалпы университетпен ынтымақтастықтың оң серпінін тілге тиек етті. Ол тапсырылған жобалардың келешекте ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қарастырылатынын хабарлады.  

 

 

Баспасөз қызметі