ҚазҰУ-да ауқымды халықаралық жазғы мектеп шарасы өтуде

3 тамыз, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін қолдау мақсатында БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» Жаһандық Хабы ретінде ҚазҰУ жаңа Жібек жолы университеттер Альянсімен бірлесіп ұйымдастырған «Жасыл технологиялар: Қазақстан мен Орталық Азия Ұлы Жібек жолы бойында» атты халықаралық жазғы мектебі ашылды. Шілде айында Гонконг политехникалық университетінен бастау алған жазғы мектеп ендігі кезекте Қазақстандағы жетекші ЖОО-да өз жұмысын одан әрі жалғастырмақ.

Мұндай кең ауқымды халықаралық жазғы мектеп шарасы Қазақстан білім беру саласында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Еуропа мен Азия ЖОО-да оқитын жүздеген студенттер мен магистранттар жазғы мектеп курстарына қатысуға үлкен қызығушылық танытты.

Жасыл технологияларды дамыту саласындағы Қазақстандық саясат пен тұрақты даму, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдермен болашақ энергиясы мәселесі бойынша серіктестік орнатудағы Қазақстан Республикасының рөлі сынды күн тәртібіндегі тақырыптар талқыланады. Дәрістер мен пікірталастарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік профессорлары мен қазақстандық және шетелдік жетекші мамандар жүргізеді. Студенттер жазғы мектеп аясында ҚазҰУ мен Колумбия университеті бірігіп ұсынған MDP/Global Classroom бағдарламасы ұйымдастырушылары өткізетін «БҰҰ үлгісі – Жаңа Жібек жолы» атты конференцияға қатыса алады.

Жазғы мектеп шарасының шарықтау шегі «Future Life, Future Leaders» атты халықаралық форумы болмақ. Оған Ұлыбритания, Түркия, Мысыр және ТМД елдерінен 50 шетелдік өкіл қатысады. Ашық пікірталас алаңында қатысушылар әлеуметтік инновациялар арқылы қоғамның тұрақты дамуы, аймақ жастары арасындағы серіктестік және ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып, жасыл қуат көзі, мәдениетаралық диалог салаларында пікір алмасып, жобаларын ұсынады.

Шетелдің студенттерімен қатар Алматыға шетелдік ЖОО-ның басшылары да келді. Жаңа Жібек Жолы университеттері Альянсінің Атқарушы комитетінің (UASR) отырысы Алматы қаласында алғаш рет өткізіледі. Бұл, өз кезегінде, шетелдік әріптестердің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға артқан үлкен сенімін білдіреді. Күн тәртібіндегі мәселе: Жаңа Жібек жолын жаңғыртудағы университеттер жүргізген жұмыстардың нәтижелері мен білім беру, ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған перспективті жобаларды талқылау. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ суперкомпьютерлік және жинақтық есептеу Орталығы базасында Жаңа Жібек жолы университеттері Альянсінің халықаралық ІТ-технопаркін құру, қазақстандық платформалардың негізінде онлайн курстарды бірлесіп ұйымдастыру. Шараның соңында шетелдік қонақтар мен қатысушыларға Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне экскурсия жасалмақ. Естеріңізге сала кетейік, әлемнің 31 елінен 128 ЖОО біріктірген жаңа Жібек жолы Университеттері Альянсінің іргесі 2015 жылы қаланған.