«Қазақстан Республикасының президенттік институты: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

22 сәуір, 2010

Бүгін, 22 сәуірде Алматыда Қабылдау үйінде Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 20 жыл толуына байланысты «Қазақстан Республикасының президенттік институты: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шараны Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Алматы қаласының әкімшілігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырып отыр.

Конференцияға Конституциялық Кеңестің төрағасы И.И. Рогов, Конституциялық Кеңестің мүшесі В.А. Малиновский, Алматы қаласының әкімі А. Есімов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары - Қуаныш Сұлтанов, Оралбай Әбдікәрімов, Кенжеғали Сағадиев, Бижан Аханов, Ғарифолла Есім, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, жоғары оқу ордаларының басшылары және т.б. қатысты.

Бас қосуда белсенді түрде қатысқан Ресей Федерациясының өкілдері еді. Соның құрамында ірі мүшелер - Ресей ұлттық стратегия институтының арнайы жобалар директоры Юрий Солозобов пен Мемлекеттік және құқық институтының салыстырмалы құқықтану секторының меңгерушісі (ИГП РАН) Алексей Автономов болды.

Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов: «Форумның басты мақсаты – президенттік институттың жұмысына ғылыми баға беру, барлық мемлекеттердің конституциялық құқығын дамытуда, өркендеуіне ықпал ететін қазақстандық және шетелдік зерттеулердің тәжірибелерін пайдалана отырып ортақ заңдылықтарды анықтап білу»,- деді.

ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов алғы сөзінде:

- Қазақстан Республикасының президенттік институтын Елбасының тұлғалық атағымен бірге мемлекеттің өркендеуіне, әлем қоғамдастығында имиджінің дамуына және сырттан келетін қауіп пен келеңсіз жағдайлардан сақтану үшін математиктердің сөзімен айтқанда «қажетті және жеткілікті» шарты ретінде қабылдайды.

23 сәуірде конференция жұмысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жалғасатын болады.

Пікірталаста талқыланатын тақырыптар: Экономикалық даму: жаңа мүмкіндіктер; Қазақстан және әлем: қарым-қатынас және қауіпсіздік мәселелері; Саяси жүйені модернизациялау: теория және тәжірибе; Жаһандану үрдісіндегі ғылым және білім.

Басты оқиға – «Қазақстан Республикасының президенттік институты: тарих және қазіргі заман – 20 жыл!» атты көрмесі ашылады (сағ. 15.00, Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы).

Конференция аясында ғылыми еңбектер мен фотокөрменің тұсаукесері өтіп, конференцияның тақырыбын қамтитын студенттік байқаудың лауреаттары мен заң саласының ардагрелері марапатталатын болады. Кездесу барысы баспасөз-конференциясы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің ұйымдастыруымен өтетін гала концертпен тәмамдалады.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі