Медицинаны дамытуға арналған кездесу
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Ёнсе университетінің президенті Ёнг-Хак Ким бастаған Оңтүстік Корея делегациясымен кездесті.
Шараға Ёнсе университеті жанындағы «Кангнам Северанс» ауруханасындағы Халықаралық байланыс департаментінің жетекшісі Сён Мун Ким және аталған университеттің басқа да өкілдері қатысты. Кездесу барысында корей делегациясы жағынан әрбір қатысушы өзін-өзі таныстырып, өз қызметі туралы қысқаша баяндады.
Тараптар ҚазҰУ-дағы «Smart Health» медициналық диагностикалық орталығы дәрігерлерінің Кореяда біліктілігін арттыру, орталықты соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білім беру, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша қарым-қатынас орнатып, бірлесіп мамандар дайындау, телемедицина және қызмет көрсету сапасын көтеру мақсатында денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді тарату жайын талқылады.
Ёнсе университетінің президенті Ёнг-Хак Ким Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің серпінді дамып келе жатқанын жоғары бағалап, екі ел тұрғындарының денсаулығын сақтау мәселелері бойынша болашақта да ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар шара барысында тараптар корей ғалымдарының тәжірбиесін меңгеру мен кардиология, хирургия саласында жоғары мамандандырылған диагностика және емдеу, корей мамандарына Алматыда ота жасауға мүмкіндік беру, медициналық сақтандыру сияқты өзге де бағыттар қамтылды. Сондай-ақ Ёнсе университетімен студенттік алмасу бойынша келісім және Северанс ауруханасымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу аяғында делегация қонақжайлылық танытқаны үшін жəне ынтымақтастықтың маңызды сұрақтарын талқылау мүмкіндігі үшін алғыс білдірді. Шара соңында Ёнсе университетінің президентіне ҚазҰУ-дың алтын медалі тағылып, басқа да делегация мүшелеріне төс белгі, алғыс хат, сертификат және сый-сияпаттар табысталды.
Баспасөз қызметі