Жоғары мектеп менеджерлерін даярлау жүйесін құру

28 тамыз, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жоғары мектеп менеджерлерін жоғары оқу орнынан кейінгі даярлау жүйесін құру Қазақстан Республикасының интеллектуалды әлеуетін дамыту механизмі ретінде» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел болып өтті.

Шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекетті басқару Академиясының өкілі, п.ғ.д., профессор З.А. Исаева, ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы, ҚР жоғары оқу орны өкілдері, отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Жиынды алғы сөзімен ашқан ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жоғары мектеп менеджерлерін даярлаудағы бірқатар негізгі жүйелерге тоқталды. Шара барысында сөз алған ҚР Президенті жанындағы мемлекетті басқару академиясының өкілі, п.ғ.д., профессор  З.А. Исаева өз баяндамасында «Білімді қоғамды құру үшін жоғары білім беру жүйесіндегі бірнеше аспектілерге мән беру керек, соның ішінде – басқару, қаржыландыру, сапаны қамтамасыз ету, ғылыми зерттеулер мен инновациялар, академиялық өсу»,-деп атап өтті.  

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры К.Ж. Аганина: «Білім беру саласында менеджерлерді дайындау білім беруде инновациялық тұрғыларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, қазіргі таңда Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алушыларды тек ғылыми қызметкер, оқытушы ретінде ғана  емес, бәсекеге қабілетті, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген, заманауи  менеджер тұлғасын дамыту қажеттігін» атап айтты. Сондай-ақ білім беру менеджерлерін даярлау жүйесіндегі заманауи тенденциялар, жобаны жүзеге асыру барысында құрылған кәсіби білім беру бағдарламаларының  жаңа модульдерін анықтау, «Білім беру саласындағы менеджмент» қашықтықтан оқу бағдарламасын жасау мен жүзеге асыру жайлы мәселелер дөңгелек үстелдің өзекті тақырыбына айналды. Жиында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі жоғары мектеп білім беру менеджерлерін даярлау тұжырымдамалары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру менеджерлері кәсіби стандартын жасау, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан және Орталық Азия жоғары оқу орындары үшін жоғары мектептің білім беру менеджменті саласында инновациялық білім мен тәжірибелерді тарату бойынша Ресурстық орталық құру жайы да талқыға түсті.  

 

Баспасөз қызметі