ҚазҰУ-да «Қылмыстық іс өндірісінің тиімді жүргізілуі – қазіргі құқық қорғау жүйесі дамуының басым бағыты» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Шараға Жоғары Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов, ҚР Ішкі Істер вице-министрі Р.Жакупов, Бас Прокурор Ж.Асанов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров және басқа да танымал ғалымдар, қорғаушылар, халықаралық сарапшылармен қоғамдық құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиынды жүргізген Жоғары Сот Төрағасы өз сөзінде тәуелсіздік жылдары қазақстандық сот ісін жүргізу саласы қылмыстық процестің кеңестік моделінен біртіндеп бас тартқанын атап өтті. Сондай-ақ Қайрат Мәми: «Жаңа қылмыстық-процестік заңның және Ұлт Жоспарында көзделген шаралардың іске асуымен азаматтардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ету және қылмыстық процестің жазалаушылығын азайту бойынша нақты жұмыстар атқарылды. Дей тұрғанмен, қылмыстық-процестік кодексті (ҚПК) реформалау процесі жалғасуда. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. Бүгінде қылмыстық процесті жаңғыртудың негізгі басымдықтары айқындалды және тиісті заң жобасын әзірлеу жұмысы жүргізілуде», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.
Өз кезегінде сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында мемлекеттің заңнамасын және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын дамытудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қылмыстық процесті одан әрі жаңғырту екендігін атап өткен болатын. Сондықтан да, бүгінгі кездесу еліміз үшін маңызды»,- деді.
Жиында сөз алған спикерлер ұсынылып отырған құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық процесті реформалау заңның үстемдік етуін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп отырған саясаттың жаңа кезеңі болып табылатынын атап өтті. Осы бағытта реформа қылмыстық процестегі адам құқығын қорғауды нығайту, тараптардың жарыспалылығын арттыру, соттық бақылауды кеңейту, сондай-ақ тергеу органдары, прокуратура мен соттың арасында құзыреттілікті нақты бөліп оның қайталануын болдырмауға бағытталған.
Дөңгелек үстел барысында беделді заңгер ғалымдар жақын уақытта сотқа дейінгі тергеу және анықтау органдарын институционалдық қайта құруда кешенді өзгерістер орын алатынын хабардар етіп, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдірумен сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесін талқылып, құқық қорғау жүйесі дамуының басым бағыттарына баса назар аударды. Жиын аясында шетелдік сарапшылардың да баяндамалары тыңдалып, қатысушылар қылмыстық-процессуалдық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерінің жетілдіру жайын жан-жақты талқыланды.
Баспасөз қызметі