Тіл мамандары әліпби мәселесін талқылады
ҚазҰУ-да «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің ғылыми-әдіснамалық негізі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға танымал ғалымдар, кәсіби тіл мамандары – лингвистер мен филологтар, ғылыми зерттеу институттары, Қазақстан халқы ассамблеясының ұлттық-мәдени орталықтары мен билік органдарының өкілдері, ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері қатысты.
Конференцияны ашқан ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшу терең тарихи логикаға негізделгенін атап өтті. «Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты». Осылайша, жаңа жаһандану заманы жағдайында мемлекеттік тілдің әліпбиін өзгерту қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруының шешуші құралы әрі нақты тарихи қажеттілік болып табылады.
Шара барысында латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуге байланысты жоба кеңінен талқыланып, қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Қатысушылар латын әліпбиіне көшудің маңызды қырлары: дыбыс пен әріп арасындағы байланысты грамматологиялық бағытта талдауға, жаңадан жасалатын емлелердің сипатын анықтауға, әліпби мен жаңа емле-ережелерді оқыту мазмұнын саралауға ерекше көңіл бөлді.
«Айта кетерлігі, жаңа әліпбиге көшу қажеттілігі тіл, әлеуметтік өмір мен мәдениет, әсіресе, этникааралық және мәдениетаралық байланыстар саласында болып жатқан бүкіләлемдік үдерістермен анықталған. Бұл жауапты міндетте отандық ғылым майталмандарының бай тәжірибесіне және латын әліпбиіне көшкен шет елдердің, ең алдымен, түркітілдес мемлекеттердің жүріп өткен жолына арқа сүйеуіміз керек», – деді ф.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры Валентин Ли.
Ел дамуының жаңа сапалы кезеңінде қазақ тілінің жаңғыруы жаһандық ақпараттық-коммуникациялық құралдарды тіл саясатында қолданудың әлемдік сұранысына толығымен сай келеді. Мысалы, әлемдегі өзекті ақпараттың 70 пайызынан астамы латын графикасында беріледі, ал әлемдік IT-сала техникалық шешімдер мен бағдарламалаудың басты құралдарын латындық форматта құруда.
Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл қазақ тілінің әлемдік өркениет кеңістігіне шығуына, жаңа геосаяси жағдайдағы оның қолданылу аясын кеңейтуге және ғылыми-техникалық прогрестің бел ортасына кіруіне жол ашады.
Конференцияға қатысушылар ұлттың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізудің дер кезінде қолға алынғандығын, прогрессивтілігін және пайдасы мол екендігін өмірдің өзі дәлелдейтініне сенім білдірді және осы стратегиялық жобаның табысты жүзеге асуы үшін аянбайтындықтарын жеткізді.
Баспасөз қызметі