Университет қалашығы жаңаша бой түзейді
Университет қалашығы жаңаша бой түзейді
Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылығының шақыруымен Алматыға арнайы сапармен Американдық сәулетшілер институтының ғылыми қауымдастығының толық мүшесі, Иель университетінің сәулет мектебінің деканы Роберт Штерн мен «Robert A.M. Stern Architects» компаниясының іскерлік серіктесі Грант Марани арнайы сапармен келді.
Басқосуда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен шетелдік сәулетшілер ҚазҰУ құрылысының бас жоспарын жан-жақты талқылаудан өткізді. Ректор университеттің белсенді және қарқынды даму барысы, Қазақстанда баламасы жоқ жалғыз университеттік кешен құрылысының екінші кезеңі туралы баяндады. Оқу орнының басшылығы университет кампусының қазіргі заманға сай жаңа келбетін ұсынды: дәстүр мен жаңашылдық үрдістің әдемі үйлесімі көрініс табуы тиіс. Халықаралық дәрежеде мойындалған, институт, тұрғын үй және коммерциялық салада мол тәжірибесі бар АҚШ-тың алдыңғы қатарлы «Robert A.M. Stern Architects» жобалау компаниясының алға қойған мақсаты - университеттің сәулет құрылысына жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, осы саладағы жаңа технологияларды пайдалана отырып, ешкімге ұқсамайтын, қайталанбастай өзгеше шешімдердерге бару, университет қалашығын оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналдыру.
Кездесу соңында қонақтар университет кешенімен толық танысып шықты. Шетелдік сәулетшілер Алматының экологиялық таза аймағында орналасқан, 100 гектар жерді алып жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кампусының бірегей, қайталанбас келбетін жоғары бағалады.
Сапар қорытындысында американдық сәулетшілер жақын арада ҚазҰУ дамуының бас жоспарына қатысты конструкциялық ұсыныстарын жасауға уәде берді. Сонымен қатар ректор Б.Т. Жұмағұлов университет қалашығы құрылысының жаңа кезеңі бойынша алға қойған жоспардың ауқымдылығына қарамастан, ең бастысы - университет қалашығы студенттер үшін білім алуға, демалуға, мәдени және рухани жағынан толысуға барлық жағдай қарастырылған туған үйіндей болып қала беруі тиіс екендігін жеткізді. Бәсекеге қабілетті, шығармашыл, өз елінің отансүйгіш мамандарын дайындау - университеттің алға қойған басты мақсаты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі