Қазақстан және Корея Республикасы: қарым-қатынас орнатудың жаңа нышаны
6 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Шинхан Банк» АҚ вице-президенті Чжо Ёнг Бёнг (Корея Республикасы) келіп қайтты. Бас қосудың басты мақсаты - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Шинхан Банк» АҚ (Сеул қ.) арасындағы қарым-қатынас орнату жөніндегі меморандумды қабылдау.
Таяуда, 2010 жылдың 21-23 сәуірі аралығында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Корея еліне іс-сапары аяқталды. Сапар нәтижесінде биылғы жыл Кореядағы Қазақстан жылы болып тағайындалды. Кездесу барысында Кореяның “Самсунг”, "Posko", “LG Интернэшнл”, "Пунгсан корпорейшин" сияқты ірі компанияларының өкілдерімен бас қосып, Қазақстанға құйылатын инвестициялық жобалар талқыланды. Шинхан Банк Корея және Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» компаниясы арнайы келісім-шартқа отырды. Келісім бойынша Қазақстанның мұнай-газ секторына 500 млн. доллар көлемінде қаржы бөлінетін болды. Сондай-ақ, биыл Коеряда Қазақстан жылы аталатын болды.
Оңтүстік Кореяның ірі банкі және Қазақстанның жетекші университеті арасындағы келісім Қазақстан мен Коеря елін жақындатпақ. Екі жақтың пайымдауынша, білім және ғылым саласын дамытуда үлесі зор екендігін атап өтті.
- Осы келісім шарт негізінде екі жақты қарым-қатынасымыз табысты болатындығына сенемін. Жетекші университеттің құрылу тарихымен жақсы таныспын, сондықтан ғылыми және студенттерді алмастыру саласында еңбегіміз жемісті болады, - деді өз сөзінде «Шинхан Банктің» басшысы.
- Қазақ ұлттық университеті үшін Шинхан Банкпен қарым-қатынас орнату маңызды оқиға. Әлем елдерінде бұл банкті әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, қоғамдық, білім және ағарту саласын дамытуда орасан зор үлес қосатын сенімді серіктес ретінде біледі, - деді университет проректоры Мұрат Орынханов.
Заң факультетінің деканы Дәулет Байделдінов келісім-шарт негізінде оқу бағдарламаларын қаржыландырып, дарынды жастарды қолдап қана қоймай, қазақстандық заңгер ғалымдар екі мемлекеттің банк және экология саласындағы заңнамалық негіздерін салыстыра отырып екі жаққа ортақ, әрі тиімді амалдарын бірлесіп табуды ұсынды. ҚазҰУ ғалымдары Жапонияның жоғары оқу ордаларымен орнатылған байланыстардың тәжірибесіне сүйеніп, экологиялық құқық бойынша ортақ монография жазуды ұсынды.
Келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін Чжо Ёнг Бёнг мырза ҚазҰУ проректоры Мұрат Орынхановқа «Шинхан Банктің» көп ұзамай қарым-қатынас орнатуға әзір екендігін дәлелдейтін кепілдеме хатын берді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі